СҚО: Демография. Жұмыс күші. Әлеуметтік төлем
Солтүстік Қазақстандағы демографиялық ахуал күрделеніп барады. Тұрғындары жан-жаққа көшкен соң әр салада жұмысшылар тапшы. Үкімет бұған дейінгі амалын әлде де күшейте түспек.
Автор: Нұрқанат Омарұлы
30.03.2021
Басқа өңірлерден жұмыс күшін көшіруге ерекше екпін қойып отыр. Осы жолы әр отбасы мүшесіне қарастырылатын әлеуметтік төлемнің көлемін арттырады.
Бірақ 2017 жылы басталған жұмыс күшін солтүстік өңірлерге көшірудің нәтижесі сынға ұшырағаны әлі есте. Баспанамен қамтып, жұмыспен жарылқаймыз деген үкіметке сенгендердің көбі жұмыссыз тентіреп қалған еді. Оның үстіне солтүстіктің жайсыз ауа райына шыдамағандар кері қайтты. Сондықтан Солтүстік Қазақстан облысындағы ахуал әлі дұрысталмаған. Енді 2021-2025 жылдар аралығында өңірге 10 мыңнан астам жұмыс күшін көшіру, жұмыссыздық деңгейін 5 пайызға дейін азайту көзделіп отыр. Осы шаруаның арқасында демографиялық теңгерімсіздік пен кері көші-қон сальдосын азайту межеленген.
Негізінен «Еңбек» бағдарламасының аясында Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарына оңтүстік тұрғындары қоныстандырылады.
Серік Шәпкенов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
- Қоныс аударушыларды жұмыспен қамтуға, жаңа жерге бейімдеуге жағдай жасау үшін көшуге берілетін біржолғы жәрдемақы мөлшерін 35 АЕК-тен 70 АЕК-ке дейін көбейту жұмысы жүргізіліп жатыр. Жұмыс берушілерді ынталандыру мақсатында қоныс аударушылардың еңбекақысының бір бөлігін субсидиялау, оқыту шығындарын өтеу бойынша шаралар қабылданады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!