Сәуірден бастап электр қуатының шекті тарифі қымбаттайды
Сәуірден бастап елімізде электр қуатының шекті тарифі 15 пайызға қымбаттайды. Энергетика министрлігі электр қуатын өндірушілерге осындай шешім шығарды. Бұл қарапайым тұтынушылардың коммуналдық ақысын өсірмей қоймайды.
Автор: Ербол Тұрымбет
30.03.2021
Табиғи монополияларды реттеу комитеті де оны растап отыр. Енді екі ортада электр тасымалдаушы компаниялар да тарифті өсіріп қалуға тырысуда. Олардың ұсынысы мақұлданса, қарапайым жұртпен бірге мектеп, балабақша, аурухана сынды мемлекеттік мекемелерге де үлкен салмақ түседі.
Электр қуатын өндіруші компанияларда қызметкерлердің жалақысы аз. Көмір, жанармай сататын мекемелер алдында қарызы миллиардтап қордаланған. Қызметкерлер де бір орында тұрмай жұмыстан кету жиілеген. Жағдай қиындаған соң елдегі энергия өндіруші 45 кәсіпорынның 37-сі шекті тарифті өзгерту туралы ұсыныс білдірген.
Қайрат Рахимов, Энергетика вице-министрі:
- «Қаражыра» көмірінің бағасы 8,6%, «Богатырь» көмірінің бағасы 9,9% өсті. Оны тасымалдау шығыны 7 пайызға артты. Соның салдарынан энергия өндіруші ұйымдардың көмір сатушылар алдындағы берешегі де шамамен 2 миллиард теңгеге, ал газ кәсіпорындары алдында шамамен 4 миллиард теңгеге жетті.
Дәл осы коммуналдық тариф 2018 жылы Қауіпсіздік кеңесінің отырысында үлкен сөз болған. Коммуналдық ақының әңгімесіне ең ақыры Елбасының өзі араласып, жүгенсіз кеткен кәсіпорындарды тыю керегін қатты айтқан.
Сол жиында «сыбағасын» алып шыққан шенеуніктер дереу тарифті ауыздықтауға кіріскен. Сөйтіп Энергетика министрі 2025 жылға дейін электр қуатының шекті тарифі белгілі бір деңгейден аспау керек деген бұйрығын шығарған. Бірақ министрлік екі сөйлеп, сол бұйрығын өзі өзгертіп отыр. Электр өндірушілер осылай болған соң, ортада электр тасымалдаушылар да тарифті одан әрі ұлғайтып әлек.
Марат Бөлекбаев, кәсіпкер, қоғам белсендісі:
- «Астанаэнергосбыттан» бастайық. Олар кеке тұлғаларға бір сағат киловаттқа 11,93 теңгеден 12,81 теңгеге қымбаттатуды сұрап отыр. Заңды тұлғаларға 18,60 теңгеден 18,37 теңгеге өзгертпек. Ал бюджеттік мекемелерге 56,11 теңгеге, яғни 202 пайызға дейін өсіргісі келеді. Яғни мектеп, балабақша, ауруханаларға үлкен салмақ түседі.
Сала мамандарының айтуынша, тығырықтан тарифті өсірмей-ақ шығуға болады. Ол үшін күндізгі және түнгі тарифке ауысу керек. Екіншіден, бір ғана елордада электр қуатының 12 пайызы далаға кетеді. Ал оның ақысы халықтың қалтасына түседі.
Сансызбай Қуатов, электр қуаты саласының маманы:
- Кіші кернеулі электр желілері бар. Шығыны көп. Мысалы, 12 пайыздың 6 пайызы төмен кернеулі желі. 4 пайызы 10 киловольттікі. Біз айттық, мынаны алып тастайық деп. Бірден әркімнің үйінің қасында жоғары кернеулі желі келеді. Кішкентай трансформатор қояйық. Сосын содан тіке алсын дедік. Сонда мынадай шығыны болмайды, ауаны қыздырмайды.
Қайткен күнде де министрлік электр қуатын өндірушілердің өтінішін орындап, шекті тарифті өсірді. Оған ортада электр тасымалдаушы компаниялар да қосылып, бұлар да өз тарапынан тарифті көтеруді ұсынып отыр.
Сайып келгенде шекті тарифтің көтерілгені қарапайым тұрғындарға әсер етейін деп тұр. Оны табиғи монополияларды реттеу комитеті мойындап отыр. Сондықтан коммуналдық төлемдер ішінде электр қуатының ақысы біразға өсетін түрі бар. Өйткені енді электр қуатын тасымалдаушы делдал компаниялардың ұсынысы қаралып жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!