{metadescription}
Алматыда КВИ-ға шалдыққандардың рекордтық көрсеткіші тіркелді
Алматыда КВИ-ға шалдыққандардың рекордтық көрсеткіші тіркелді

Алматыда КВИ-ға шалдыққандардың рекордтық көрсеткіші тіркелді

Бүгін Алматыда коронавирусқа шалдыққандардың рекордтық көрсеткіші тіркелді. Соңғы тәулікте 545 адамнан вирус анықталған. Қаладағы эпидахуал Наурыз мерекесінен кейін күрт нашарлапты.

Қазір стационарлардың жартысынан көбі науқасқа толы. Бұлай жалғаса берсе, ауруханаларда орын тапшылығы тууы мүмкін екенін денсаулық сақтау басқармасының басшысы жасырмайды. Ал қандай жағдайда қаланың айналасына блок-бекеттер қойылуы мүмкін?

Көктем шыққалы Алматы коронавирусқа қатысты көрсеткіште республикада көш басында тұр. Қалада дерт жұқтырғандардың саны күннен-күнге көбейіп, соңғы тәулікте науқас саны рекордқа жетті. Кешелі бері 545 адамға кесел жабысыпты. Бір қуантарлығы, кісі өлімі тіркелген жоқ. Бірақ бір айдың ішінде қаладағы стационарлардың жартысы толған.

Қазір инфекциялық ауруханаларда 2696 адам жатыр. Кеселмен күресіп жатқан 400-ге жуық науқастың жағдайы ауыр. Қаланың бас дәрігері ауру айылын жимай, індет жұқтыратындар азаймаса, стационарлар бір аптаның ішінде-ақ лық толатынын айтады. Себебі, күніне кемі 200-250 науқас емдеу мекемелеріне жатқызылуда. Бұл былтырғы жазбен салыстырғанда үш есе жоғарғы көрсеткіш екен.

Нариман Табынбаев, Алматы қаласы қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы:

- Егер қатаң шектеу шаралары енгізілмесе, біздің алдын ала дайындаған төсек-орындарымыз санаулы күнде-ақ бітеді. Мәселен, өткен аптада бір күннің ішінде 390 адам ауруханаға жатқызылды. Мұндай сан былтыр да болмаған. Әзірге барлығы жеткілікті. Бірақ эпидахуал ушыға берсе, орын жетіспеушілігі туындауы мүмкін. Қазір инфекциялық стационарлар 52 пайызға толды. Бізде барлығы 7 мың орын бар.  

Қаланың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин карантин тәртібін бұзатын кәсіпкерлерге жазаны қатаңдату керек деген пікірде. Себебі, шектеуге шекесінен қарағандар айыппұл төлеп, қайтадан заңбұзудан тайынбайтын көрінеді.

Бекшин күні кеше ғана Аshyq қосымшасына қосылған мекемелер мен жазғы кафелердің жұмысына рұқсат берген. Бірақ бұл қаулыға кез келген уақытта өзгеріс енгізілуі мүмкін дейді ол.

Жандарбек Бекшин, Алматы қаласының бас санитар дәрігері:

- Аshyq деген пилоттық жоба. Оған қаладағы шамамен 100-ден астам нысан кіреді. Арнайы құрылған комиссия осы жобаның қорытындысын айту керек. Жұмысын жалғастырған орындар аурудың таралу қаупіне әсер ете ме, етпей ме? Осы сұрақтың жауабын білген соң нақты шешім қабылданады. Қаладағы ахуал мәз емес. Бірақ біз жағдай бұдан да нашар бола ма деп ойладық.

Жандарбек Бекшин «коронавирустың алматылық штамы пайда болды» деген ақпарат тексерілмегенін де тілге тиек етті. Бұған қатысты ресми мәлімет жоқ. Ал вирустың мутацияланған британдық және оңтүстікафрикалық штамының таралу қаупі өте жоғары. Сондықтан қаланың бас санитар дәрігері тұрғындарға той-томалақтан бас тартып, санитарлық ережелерге бейжай қарамауды сұрайды.

Бекшиннің айтуынша, мегаполисте күн сайын 500-ден астам науқас стационарға жатқызылатын болса, шаһардың айналасына блок-бекеттер қойылуы мүмкін. Ал кеулеген кеселге тек вакцина тосқауыл екенін денсаулық сақтау саласының мамандары тағы бір мәрте қайталады. Алматылықтарға жаппай екпе салу науқаны сәуірде басталмақ. Мегаполиске ресейлік «Спутник V» препаратының 65 мыңнан астам және отандық вакцинаның 6000 дозасын әкелу жоспарланған. Қазір арнайы құрылған жұмыс тобы келіссөз жүргізіп, екпе салу орындарын дайындап жатыр.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде