Ненің кесірінен коронавирусқа төтеп бере алмай келеміз?
Індет түрленіп, жағдайдың күрделене түсуі Қазақстанды коронавирустың «қызыл» шегінен бір-ақ шығарды. Елдегі эпидемиологиялық ахуал: «қызыл» аймақтан Нұр-Сұлтан, Алматы, Атырау, Батыс Қазақстан облыстары шыға алмай жатыр.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
30.03.2021
«Сарыда» – Ақтөбе, Алматы және Қарағанды облыстары орналасса, қалған барлық өңір «жасыл» аймақта тұр.
Covid-19-дың қауіпті штамдарының тамыры да жан-жаққа жайылуда. Осы және өзге де коронавирусқа қарсы қатысты тілшіміз айтып береді. Бүгін дүйім жұрттың алдына онлайн брифингпен шыққан денсаулық сақтау министрі тұщымды не айтты?
Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой орталық коммуникациялық қызметі алаңына 10 ақпаннан бері шыққан жоқ. Бір жарым ай уақыт бойы министрмен онлайн жүздесуге асыққан бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің көкейінде сұрақтары да жиналып қалған. Оның ішінде коронавирустың жаңа штаммдары мен вакцина туралы мәселелер өзекті.
Қазақстандық «КазКовидИн» тек сәуірдің аяғында ғана нарыққа шығады. Отандық препарат шыққанша, үш миллионға жуық қазақстандық ресейлік «Спутник V» вакцинасын салдырады. Әзірге 131 мыңнан астам адам екпенің бірінші, ал 32 мыңдайы екінші компонентін қабылдап үлгерді. Бұл халықтың тек 0,2 пайызы.
Қытайлық «Синовактың» 3 миллион дозасы Қазақстанға қашан жеткізілетіні белгісіз.
Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Қазір әріптестерімізбен келіссөз жүргізіліп жатыр. Әзірге еш келісімшарт жоқ. Құжатқа қол қойылмас бұрын, вакцина өндірушілер коммерциялық ұсыныс жасауға тиіс. Жалпы кез келген компания вакцина дозаларын жылдың екінші жартысында ғана жеткізуі мүмкін.
Бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігінің жоспарымен 1-ақпаннан 1-сәуірге дейін 25 мың отандасымыз екпе алуы тиіс болған. Жоспардан жаңылған шенеуніктер бәрі рет-ретімен, ешқандай вакцина салдырудан кешігу жоқ деп мойындамай отыр. Қауіпті індетті «тек екпе егіп жоямыз» деген министрлік өкілдері бұқараның әлі де коронавирусқа сенбейтініне таңғалды.
Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Халық арасында короновирустың барына сенбейтіндер әлі де болса бар. Олар коттедж, үй жалдап, мейрамханаларда тығылып той тойлап, қонақ күтіп жүр. Мониторингтік топтардың жұмысының арқасында шектеу шараларына пысқырмайтындар да табылды. Осының кесірінен біз вирусқа төтеп бере алмай келеміз.
Алматыда «Спутник V» вакцинасынан кейін вирус жұқтырған дәрігер туралы сөз болып жүр. Ақжағалылар мұны қалыпты жағдай дейді. Жалпы көрші елден сатып алынып жатқан препараттың тиімділігін айтып өтейік, ол – 90 пайыз.
Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі:
- Екпені ойлап тапқан ғалымдардың айтуынша, екпе алғаннан кейін 56 күннен бастап антидененің өте жоғары деңгейі қанда анықталады. Ол организмнің қауіпсіздігін білдіреді. Тіпті өте жоғары антидене болғанымен, егер вирус мөлшері организмде көп болса, ол адам ауырып та қалуы мүмкін. Тек өте жеңіл түрде.
Коронавирусқа вакцинаның тиімділігі соншалық ол тіпті елде тамырын жайып жатқан британдық, оңтүстікафрикалық, бразиялық штамдардың көзін жоюға қауқары жетеді дейді шенеуніктер. Дәл қазіргі күні аталған мутациялар Қазақстанның барлық өңірінен табылыпты. Тек Шығыс Қазақстан, Қостанай, солтүстікқазақстандықтар мен павлодарлықтар бұл штамнан дін аман.
Бұл штамдар Түркиядан, Мысырдан, Біріккен Араб елдерінен әкелінген. Мутацияларды емдеу коронавирус пен коронавирус пневмониясының ем-дом шараларымен жүргізіледі. Өйткені сиптомдары ұқсас болғандықтан, арнайы протоколы жоқ екен.
Қазақстан қазір індеттің «қызыл» шегінде тұр. Сондықтан денсаулық сақтау министрлігі сақтық шарасын сақтау керек екенін тағы бір еске салды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!