{metadescription}
Ұланда рұқсатсыз қазылған көлшікте 8 жасар бала мерт болған – Алматы облысы
Ұланда рұқсатсыз қазылған көлшікте 8 жасар бала мерт болған – Алматы облысы

Ұланда рұқсатсыз қазылған көлшікте 8 жасар бала мерт болған – Алматы облысы

Алматы облысында бір кәсіпкер бүтін бір ауылда білгенін істеп жүр. Талайдан бері мал жайып келген аумақты меншігіне алған ол моланы да қазып тастаған дейді Ұлан ауылының тұрғындары. Енді сол шұңқырлардан адам сүйектері шығып жатыр.

Ал шаруа қожалығыма қажет деп қазып тастаған көлшіктердің біріне өткен аптада бір бала батып кеткен. Ең сорақысы, оның қолдан тоған жасауына еш рұқсаты да болмапты. Берекесі қашқан ауылға тілшіміз барып қайтты.   

Ұлан ауылының қақ ортасындағы сайда жұрт талайдан бері малын жайып келеді. Балалар да осында ойнайды. Ауыл тұрғындары Наурыз мерекесін де осы жерде өткізіп келген екен. Енді аумақтың иесі пайда болып, бұдан былай мұнда ешкімді кіргізбейтінін мәлімдепті.

Төлеухан Әбілханов, Ұлан ауылының тұрғыны:

- Жасы 70-тен асқан Баққожа деген кісі. «Жоқ, мен ештеңе білмеймін, қоршап тастаймын, кірген мысығыңды атып тастаймын, аяғыңды сындырам», - дейді.  

Жеке кәсіпкер 24 гектардан астам жерді жеті жыл бұрын сатып алған екен. Ал былтыр күзде мұндағы жерді қазып жасанды көлшік жасаған.

Ат шаптырым жерді меншігіне алған адам мұнда дәл осындай бес көлшік қазатынын айтыпты. Онда балық шаруашылығымен айналыспақшы. Ал аумақтың тағы бір шетінде түйеқұс өсіруді жоспарлап қойыпты.

Өткен бейсенбіде бұл суға сегіз жасар ойын баласы батып кетіпті. Тереңдігі екі жарым метр болатын көлшіктен оны тұрғындар әрең алып шыққан.

Бейбіт Шаңтимесов, Ұлан ауылының тұрғыны:

- Екі жарым метрдей тереңдігі, сол судың астынан баланы алып шықты. Бұл жерде енді бала болғаннан кейін, ойнайды да.

Аумақта кәсібін дөңгелетіп, пайдаға кенелмек болған адамға қайғылы жағдай да тосқауыл болмай тұр. Ол сайдағы ата-бабалардың ескі зиратын да пысқырмаған. Енді қазылған шұңқырлардан адам сүйектері шығып жатыр.

Төлеухан Әбілханов, Ұлан ауылының тұрғыны:

- Ол кісі бірінші мына жерден қазған. Адамның сүйегі шыққаннан кейін, тастай салып, тіпті көмбеген, көрмейсіз бе! Мынадан қазған. Сүйек негізі мына жерден шыққан.  

Кәсіпкер жазда бақша суаратын суымызға да зиянын тигізіп отыр дейді жұрт. Сондықтан,бұл жерді халық игілігіне қайтаруды сұрайды. Белгілі болғандай, таласқа түскен гектарлар жекенің қолына сонау 2006 жылы беріліпті. Ал қазіргі иесі оны 2014 жылы өз қызынан сатып алған. Қазір жер теліміне қатысты мұрағаттағы құжаттар көтеріліп, мән-жай анықталып жатыр дейді жауаптылар.

Кенжемұрат Қасенов, Қарасай ауданы жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының бас инспекторы:

- Біз Қарасай ауданының атынан жерді қадағалау-бақылау басқармасына, өз тараптарынан тиісті заңға сәйкес іс-шара жасауына хат жолдадық. Бұл жерге ешқандай көл жасауға болмайды. Алдымен рұқсат қағазын алу керек. Ол кісіде рұқсат жоқ. Ол кісінің атына 10 күн ішінде жерде қалпына келтіремін деп акт жасалды.

Алайда қазылған су сол күйі тұр. Соған қарамастан аумақтың халыққа қайтарылуы екіталай дейді мамандар.

Сегіз 8 жасар баланың өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалып, тиісті сараптамалар тағайындалған.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.