Ересектерден сексуалдық зорлық көрген балалар көбейген
Елімізде үлкендерден сексуалдық зорлық көретін балалардың қатары күрт көбейген. Полицейлер кәмелет жасқа толмағандарды таныстары жыныстық қатынасқа итермелейді деп отыр. Қазіргі уақытта зорлық көрген 5 мыңнан астам жасөспірім ішкі істер органдары есебінде тұр.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
01.04.2021
Алексей Милюк, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төраға орынбасары:
- Балаларға көрсетілетін зорлық-зомбылықтың жақындары тарапынан көрсетілетіні айтарлықтай проблема болып отыр. Кәмелетке толмағандарға көрсетілетін жыныстық қылмыс саны 4,8 пайызға өскен. Полицияның белсенді жұмысы өткен жылы осыған дейінгі тіркелген істердің үштен бірін ашты. Балаларға қатысты зорлық-зомбылық деректерінің 20 пайызын полиция қызметкерлері денсаулық сақтау қызметкерлерімен бірігіп, ерте жүктілік бойынша анықтады.
Қазақстанда балалардың етегін түрген қаскөйлер аса ауыр жазаға тартылады. 2020 жылдан бастап өзгерген заңға сәйкес, педофилдер 5 жылдан 8 жылға дейін, ал екі немесе одан көп баланы зорлағандар 17 немесе 20 жылға дейін, тіпті өмірбақи сотталуы мүмкін.
Қылмыскерлерге химиялық кастрация жасалады. Бүгінде түрмелерде отырған 25 педофилге осындай операция жасау бойынша шешім шығарылыпты.
Жалпы әйелдер мен балаларға тұрмыстық жәбір көрсету карантин кезінде ушыққан. Былтыр осындай қылмыстың саны 4,7 пайызға артыпты. Үйдегі ұрып-соғудың құрбаны көбіне әйелдер болса, кәмелетке толмағандардың үлесі 6,7 пайызды құрайды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!