Пара сұраған базар басшысын саудагерлер орнына қойды
Елордада саудагерлер пара сұраған базар басшысына басып кірді. Әрқайсынан 500 мыңнан 5 миллион теңгеге дейін пара сұраған әрі сауда орнын жалдау ақысын 30 пайызға көтереміз деген жаңа директорға саудагерлер осылай жауап берді.
Автор: Ербол Тұрымбет
01.04.2021
Жанна Бақтиярқызы, саудагер:
- Бір жарым миллион сұраған алдында, осы жылдың басында. Енді қазір ауысты директорымыз. Таңертең, бүгін бірінші күн істеп жатыр. Бес жүз мыңнан беріңдер деп жатыр және 30 пайыз жалға беру бағасын көтер деп жатыр. -Таңертең сізді шақырып алды ма?
- Таңертең 10 бутиктен бардық. 500 мыңнан беріңдер деді. Не сұмдық?! Пара ғой бұл.
Даулы мәселе қаладағы «Он олжа» базарына қатысты. Жуырда базар басшылығы ауысып, бүгін жұмысқа кіріскеніне бірінші күн екен. Бұл талапқа қарсы саудагерлер «алдымен бәріміздің алдымызда жағдайды түсіндірсін» деп, базар директорын бір сағаттай күтті. Бірақ басшылық есік алдына күзет қойғаннан басқа белгі білдірмеді. Амалы құрыған саудагерлер ішке лап қойды. Оларды ішке жібермеймін деп тырмысқан күзетшісін кедергі құрлы көрмей, бір шетке лақтырып тастады. Дүйім жұртты сарылтып қойған директор орнында отыр екен. Оның айтуынша, саудагерлерді осынша уақыт күттіріп қойған себебі, сауда орнын жалдау ақысын қайта қарапты. Сөйтіп таңертең ғана жалдау ақысын 30 пайызға көтереміз деген талабынан бас тартып, бұрынғыша қалдырды. Ал әрбір саудагерден 500 мыңнан 5 миллион теңгеге дейін пара сұрағанын «жалған сөз» деп жалтарғысы келген. Мұнысы кабинетке кірген жұртты қыран-топан күлкіге қарық қылды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!