{metadescription}
Шығынға батқан кәсіпкерлер карантин шектеуіне қарсы – Алматы
Шығынға батқан кәсіпкерлер карантин шектеуіне қарсы – Алматы

Шығынға батқан кәсіпкерлер карантин шектеуіне қарсы – Алматы

Ірі сауда орталықтарындағы кәсіпкерлер мен жекеменшік білім беру мекемелерінің басшылары Алматыда да карантин шектеулерін алып тастауды сұрап отыр. Пандемияда онсыз да пайдадан қағылдық деген бизнес өкілдері қып-қызыл шығынға баттық дейді.

Бұл орталықтар қала қауіптің «қызыл» аймағына кіргелі қызметін тоқтатқан. Тіршілігіміз тұралады деп шулаған кәсіпкерлерді тілшіміз тыңдап қайтты.

Қаланың қақ ортасындағы ірі сауда кешені. Жайшылықта тіршілігі қыз-қыз қайнап жататын орталық қазір қаңырап бос тұр. Оның ішіндегі бутиктер, ойын-сауық және тамақтанатын орындардың есігіне қара құлып салынғанына екі аптаға жуықтады. «Пандемияда онсыз да пайдадан қағылдық» деген кәсіпкерлер қызметімізді жандандырып үлгермей, қайта жабылдық деп күйінеді.

Анна Яковлева, кәсіпкер:

Орта және шағын бизнес қазір банкроттың аз-ақ алдында тұр. Карантиндегі қиындықтаы көтере алмай жабылып қалған компаниялар да көп. Мәселен, менің қол астымда 100 адам жұмыс істейді. Оларды үйіне жіберуге мәжбүр болдым. Сауда орталығы ең қауіпсіз жер деп ойлаймын. Қалада кесел кеулеп тұрғанын түсінеміз. Шектеу шаралары енгізілсін, бірақ сауда үйі толық жабылмаса жақсы болар еді.   

Бизнес өкілдері жалға алу құны, коммуналдық төлем мен қарамағындағы қызметкерлерінің жалақысын төлей алмай тығырыққа тірелген. Осы тұста нәпақадан айырылған сатушылар мен жұмысшылар да мұңын шақты.

Гүләйым Жұманова, аспаз:

- Карантинге байланысты жұмысымды қысқартты. Қиналып кеттік. Жалғызбасты анамын, қызым бар, пәтер жалдап тұрамыз. Басқа кіріс көзі жоқ. Осы жұмысқа ғана қарап отырмын. Мен сияқты жұмысшылар көп. Олардың да отбасы, бала-шағасы бар. Барлығы пәтер жалдайды.

Жандарбек Бекшиннің жаңа қаулысы шыққалы қаладағы жекеменшік білім беру мекемелері де қып-қызыл шығынға баттыпты. Мегаполистегі тіл курстары, мектепке даярлау мен балаларды дамыту орталықтарының басшылары жастардың білім деңгейін одан әрі арттыруға мүмкіндік берілсін дейді.

Нұртай Әбдікәрім, кәсіпкер:

Жеке білім беру орталықтары мемлекеттегі білім беру жүйесінде маңызды орын атқарады. Біріншіден, балалар мектептегі факультативті сабақтан толық игере алмай, қосымша түрде бізден ала алады. Біз шетелдік тәжірибені қолданамыз. Жұмысымыз жабылса, жұмыссыздыздық көбейеді. Біздің сұрайтынымыз, мектептер мен мемлекеттік балабақшалар сияқты 15 емес, ең құрығанды 10 баламен жұмыс істеуге рұқсат берсін.

Қалада тірлігі тұралаған осындай 800-ге жуық жекеменшік білім беру мекемесі бар. Барлығы санитарлық ережелерді қатаң сақтауға дайын. Тек шаһардың бас санитар дәрігері шешімін өзгертсе деп тілейді. Онлайн оқу басталғалы ұл-қыздарын қосымша сабаққа әкелетін ата-аналар да жеке білім беру орындарының маңызын ерекше атады.

Жанар Ақбасова:

- Онлайн оқу басталғалы көп мұғалім сабақты жеткізе алмайды. Біздің балалар ондайға үйренбегеннен кейін қабылдауы өте қиын. Балалар оффлайнға үйренген.Менің балам физиканы жек көретін. Ал осындай орталыққа келгелі оның қызығушылығы артып олимпиадаға қатысты. Мұндай орталықтардың қолданатын әдістемесі ұнайды. Балаларды қызықтыра біледі

Қаланың санитар мамандары карантин талаптарын жеңілдетуге әлі ерте деп отыр. Жауапты департамент өкілдері жұқпалы дерттің таралу қаупі сейілгенде ғана қаулыға өзгеріс енгізілетінін айтады.

Әсел Қалықова, Алматы қаласы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:

- Вирустың негізгі таралатын орындары қоғамдық жерлер, сауда орталықтары, сауда үйлері, басқа да қоғамдық тамақтану орындары, сән салондары. Сондықтан жауапкершілік екіжақты екенін қайталап айтқым келеді. Шағын бизнес субъектілері коронавирус таралу индексі төмендемейінше, шектеулер алынбайды.

Алматы қауіптің «қызыл деңгейіне» 10 наурызда кірген. Сол уақыттан бері қалада эпидахуал нашарлап науқастар күрт көбейді. Мамандар ауру асқынып тұрған шақта шектеу шараларын алып тастау өте қауіпті деген пікірде. Сондықтан олар кәсіпкерлерге сәл шыдам танытуды сұрайды. Соған қарамастан «шығынға баттық» деп шырылдаған бизнес өкілдері Жандарбек Бекшин «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмайтын» әділеттті шешім шығарады деген үміттте.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.