Көкшетауда бюджет қаржысына тұрғызылған футбол алаңын бұзып жатыр
Көкшетауда көпқабатты 7 үйдің балалары мемлекет қаржысына тұрғызылған футбол алаңынан айрылып қалды. Қаланың қақ ортасындағы шұрайлы жерді 12 жыл бұрын әкімдік жекеменшікке беріп жіберген. Солай бола тұра бюджет ақшасына өздері сол жерге алаң тұрғызыпты.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
01.04.2021
Енді жер телімінің қожайыны пайда болып, бес қабатты тұрғын үй саламын деп қасарысып отыр. Ал айғайға басқан жұртты полициямен қорқытып бой бермей, мемлекеттің миллиондары жұмсалған ойын алаңын бұзуға кірісті.
Балалар ауладағы өз алаңына өздері кіре алмай қалды. Оның есігін құлыптап жүрген жеке кәсіпкер. Бұған дейін де талай рет келгенде тұрғындар бет бақтырмаған. Енді жер иесі сөзден іске кіріскен сияқты. Ала таңнан жұмысшыларын әкеліп алаңды қоршай бастағанын байқаған тұрғындар тағы шығып байбалам салды. Шама шарқы жеткенше кедергі жасап бақты. Текетірес бірінші рет емес.
Тұрғындар футбол алаңы үшін жер иесімен жыл бойы күресті. Келген техниканың алдын кес-кестеп қарсылық білдіріп бақты. Құзырлы орындарға да сабылды. Бірақ араша түскен жан жоқ. Қазаншының өз еркіне басқан кәсіпкер балалар алаңының қоршауын дал дұл етіп бұзып жатыр.
Осы жолы жер қожайындарының қолында сот шешімі бар. Сондықтан әкімдік салып берген ойын алаңын сүріп тастамақшы. Орнына көпқабатты үй тұрғызамын дейді кәсіпкер. Алайда бұған тұрғындар қарсы.
Әсем Қамалиева, Көкшетау қаласының тұрғыны:
- Неге үйдің үстіне үй салады? Әкімшіліктер несін қарап отыр? Біздің балалар келеді осында. Балалардың көбі осы жерде ойнайды. Неге ол жерді сатады? Басқа жер жоқ па? Мына екі метрге үй салған масқара ғой!
Дауға айналған 6 сотық жер жекеменшіктікі бола тұра, қала әкімдігі бюджет қаражатына футбол алаңын тұрғызған. Бір қызығы, 12 жылда бұл телім бірнеше рет сатылған. Соңғы қожайыны 30 миллион теңгеге сатып алдым деп отыр.
Жамшит Берікұлы, кәсіпкер:
- Біз үшінші сатып алушымыз. Футбол ойнайтын алаңды заңсыз орнатып қойған. Сот шешімі бар жерді босатып, мақсатымыз бес қабатты көп пәтерлі үй салу керек. 6-қыркүйек 2019 жылы сатып алынған. Салдыртпай жатыр ғой, бермейді, босатпайды.
Қазір талқаны шығып бұзылып жатқан нысан әлі де әкімдік балансында. Жер иелері күн жылына құрылыс бастамақшы. Ал айналадағы көпқабатты 7 үйдің балаларына футбол алаңын салып беретін басқа жер жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!