Еліміздің солтүстігінде шектеу шаралары жеңілдетіліп жатыр
Еліміздің солтүстігінде шектеу шаралары жеңілдетіліп жатыр. Санитар мамандар төртінші тоқсанда барлық оқушыға мектепке баруға рұқсат берген. Кереку жақта мешіттерге жамағаттың келуіне және жаназа садақасын өткізуге болады. Кинотеатрлар мен ойын-сауық орталықтары да бұрынғысынша еркін жұмыс істей береді.
Автор: Жаңалық Ахаш
01.04.2021
Қызылжар балалары енді қашықтан оқымайды. Төртінші тоқсанда Солтүстік Қазақстан облысындағы бар балаға мектепке баруға рұқсат берді. Сабақ кезінде медициналық бетперде тақпауға да болады. Білім ошағына кірген бойда әр баланың қызуы өлшеніп, күтіп алған маман бақылаудан өткізіледі. Бұрынғыдай үзіліс кезінде оқушылар дәлізде сапырылысып жүрмейді. Әр сыныптың сабағы әр түрлі уақытқа белгіленген. Сыныптан себепсіз ешкім шықпайды. Мұғалімдер қашықтан оқыған кезде оқушылардың білім деңгейінің төмендеп кеткенін жасырмайды.
Анар Мұхамедқалиева, №2 мектеп директорының орынбасары:
- Бүгіннен бастап мектепте оқиды. Енді қиындықтар болады. Бірақ әр баламен жеке жұмыс істеп, мұғалімдер қосымша жұмыс жасап, қиындықты еңсереміз деп ойлаймыз.
«Жасыл» аймақтағы Павлодар облысының да қашықтан оқыған оқушылары бүгін парталарына отырды. Балабақшаға келетін бүлдіршіндер санына да шектеу қойылмайды. Бұл өңірдің санитар мамандары біраз тыйымды алып тастаған. Енді мешітте намаз оқып, қайтқан адамның жаназа садақасын өткізуге болады. Спорттық жарыс ұйымдастыруға, кинотеатр,балалардың ойын-сауық орталықтарына, сауна мен бильярд залдарының жұмысына да рұқсат. Демалыс күндері қоғамдық көлік қала ішінде еркін қатынайды.
Батырбек Әлиев, Павлодар облысының бас санитар дәрігері:
- Мәдениет объектілерінде 50 адамнан аспайтын жағдайда дайындыққа рұқсат берілді. Сыныптар бала санын 25 адамнан асырмай, аралас құрамда оқуға рұқсат берілді. Банкет залдарының қызметіне рұқсат берілді, 50 адамнан асырмай.
Ақмола облысы жалпы «жасыл» аймақта болғанымен, аудандардағы індеттің таралуы әркелкі. «Сары» мен «қызыл» аймаққа енген елдімекендер де бар. Дегенмен бұл өңірдегі 1-5 және 9-11 сынып оқушылары төртінші тоқсанды мектепте бастады. Қоғамдық көліктер де, сауда орындары да қалыпты жағдайға жұмыс істеп жатыр. Тек ойын тойларға, көпшілік мәдени шараларға тыйым салынған. Өйткені әлі де індет қатері жоқ емес.
Айнагүл Мусина, Ақмола облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқарма басшысы:
- Ақмола облысы 25-наурыздан бастап «жасыл» аймақта. Дегенмен жеке аудандарда эпидемиологиялық жағдай мәз емес. Коронавирустан қазір түрлі-түсті деңгей енгізілді деуге болады. Қазір Көкшетау мен үш аудан «қызыл», Степногор қаласы мен алты аудан «сары», қалғаны «жасыл» аймақта тұр.
Қазір еліміздің тоғыз облысы «жасыл» аймақта. Солтүстік пен оңтүстіктегі өңірлерде жағдай тұрақты. Енді мамандар шектеу шараларының жеңілдетілгеніне тұрғындар еркінсіп кетпей, санитарлық талапты ұстанса деп тілеп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!