Коронавирусты кімдердің арасында, қайдан, қалай жұқтырып жатыр?
Елде эпидемиялогиялық ахуалдың әзір жақсаратын түрі жоқ. Бүгін «қызыл» аймаққа тағы бір өңір - Алматы облысы қосылды. Бұдан өзге Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Атырау, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстары осы қатарда тұр. Шымкент те бүгін «сары» аймаққа ойысты.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
01.04.2021
Жалпы бір тәулікте вирус жұқтырғандар саны да 1900-ге таяп қалды.
Алматы қашаннан бері «қызыл» аймақтан шыға алар емес. Қалада күн өткен сайын коронавирусқа қатысты жағдай ушығып барады. Мұнда індетке әсіресе 20-39 жас аралығындағы азаматтар көп шалдығуда. Әрі вирус анықталып жатқандардың көбі жеке кәсіппен айналысатындар.
Дерт жұмыссыздар арасында дендеп тұр дейді мамандар. Науқастардың 41 пайыздан астамы індетті қоғамдық орындардан жұқтырған.
Әсел Қалықова, Алматы қаласы санитария-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:
- Жыл басынан бері коронавирус 16 мыңнан аса адамнан анықталса, соның 9 жарым мыңы тек наурыз айында тіркелген. Әсіресе соңғы жеті күндегі вирустың таралу динамикасы өте жоғары. Мәселен, 25 наурыз күні 333 жағдай анықталса, кеше ол 515-ке жетті.
Нұр-Сұлтан қаласында да кеше науқастардың өсімі байқалған. Коронавирус диагнозы бірден 512 адамға қойылған.
Алматы облысында соңғы тәулікте 220 тұрғынның індетке тапсырған тесті оң шыққан. Осылайша бұл өңір «қызыл» аймаққа қосылды.
Алматы облысы санитария-эпидемиологиялық бақылау департаменті:
- Індеттің өсім қарқыны 1,6%-ды құрады. Сырқаттану көрсеткішінің артуы Текелі, Талдықорған қалалары мен Көксу, Қаратал, Ескелді, Панфилов және Ақсу аудандарында байқалды.
«Қызыл» деңгейдегі өңірлер:
- Нұр-Сұлтан;
- Алматы;
- Атырау;
- Ақтөбе;
- Алматы облысы;
- Батыс Қазақстан облысы.
«Сары» аймақ:
- Шымкент;
- Қарағанды облысы.
Қалған өңірлерде ахуал тұрақты.
«Жасыл» аймақтағы өңірлер де сақтық шараларын күшейтіп жатыр. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысының жан-жағына 10 санитарлық бекет қойылған. Онда мамандар кіріп-шығатын адамдардың денсаулығын бақылайтын болады. «Қызыл» аймақтан келген тұрғындар бұл облысқа кіру үшін Covid-19-дан сау екенін дәлелдейтін тест қорытындысын көрсетуі тиіс.
Қытайдан тараған індет соңғы тәулікте 1873 адамнан анықталып, 14-і қаза тапқан. Ал пневмониямен 93 науқас тіркелді. Тағы 4 адам осы дерттен ажал құшқан. Осыған дейін елімізде коронавируспен тіркелгендердің жалпы саны 247 мыңға жуықтап қалды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!