{metadescription}
Пандемияда үкіметтің қауқарсыздығы президенттің ашуына тиді
Пандемияда үкіметтің қауқарсыздығы президенттің ашуына тиді

Пандемияда үкіметтің қауқарсыздығы президенттің ашуына тиді

Пандемия уақытындағы үкіметтің қауқарсыздығы президенттің тағы ашуына тиді. Әсіресе вакциналаудың баяу жүріп жатқаны Денсаулық сақтау министрлігінің сылбыр жұмысын көрсетіп отыр. Тіпті қосымша екпе дозаларын сатып алуда келіссөзді Тоқаевтың өзі жүргізуге мәжбүр.

Егер бұлай жалғаса берсе, үкімет пен денсаулық сақтау министрі қызметтен айырылып қалуы мүмкін. Президент мұны қатаң ескертті. Тоқаев тағы не айтты?

Күні кеше депутаттар денсаулық сақтау министрлігінің қауқарсыздығын сынаса, бүгін президенттің өзі қатаң ескерту жасады. Екпе басталғанына екі ай уақыт өтсе де, вакцина қабылдаған қазақстандықтар саны бір пайызға да жетпейді. 

Вакцинациялаудағы жүйесіздіктің салдарынан шектеулер алынбай, бизнес тұралап қалды. Әлсіреген кәсіпкерлердің салық төлеуге шамасы жоқ. Соның салдарынан бюджет түсімі айтарлықтай кеміген. Осыны атап өткен президент жуық арада жағдай өзгермесе, қатаң шара қабылдайтынын ескертті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

Алексей Владимирович, мен сізге бұған дейін де ескерткем. Қазіргі қиын жағдайда денсаулық сақтау министрлігі ерекше маңыздыққа ие. Жұмысты жақсы бастадыңыз да, соңы сылбыр болып кетті. Сәуір айында жағдайды дұрыстауға міндеттісіз. Егер шамаңыз жетпесе, орныңыздан айырыласыз. Бұл тек денсаулық сақтау министрлігіне ғана емес, тұтас үкіметке де қатысты.

Пандемия соққысын ескерген президент шағын және орта бизнеске ерекше назар аударды. Кәсіпкерлерді салық пен төлемнен уақытша босату қарастырылады. Бұл жеңілдік жаппай вакциналау межесіне жетіп, шектеулер алынғанша жалғасады. Шағын және орта кәсіп субъектілерінің кредит төлемдері шегеріледі. Ал кәсіпкерлерді жөнсіз тексерушілерге тосқауыл қою керек. Оған арнайы колл-орталықтың жұмысы іске қосылады. Себебі, кейбір нысандар тексеруден көз ашпаса, тамыр-танысы барлар мүлдем тексерілмейді. Президент жағдайдың қиындай түскенін де атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Қазіргі жағдайымыз жақсы емес. Тіпті ахуал өте күрделі деп айтуға болады. Коронавирус індеті қайта өршіп келеді. Мұны Қазақстан ғана емес, көптеген елдер бастан өткеруде. Нақты деректерге қарасақ, оның негізгі себебі вирустың мутацияланған жаңа штамдары болып отыр. Оған қоса азаматтарымыз және бизнес індеттен әбден қажып, соның салдарынан сақтық шараларына салғырт қарай бастады.

«СҚ-Фармация» компаниясының жұмысы да көңіл толтырмайды. Бұл мекеменің басшылығы ауысқанымен, жұмыс нәтижесі ойдағыдай шықпай жатса керек. Әсіресе жеке қорғаныш заттарының өңірлердегі жетіспеушілігі мен сапасының төмендігі байқалады. Егер бұндай жағдай жалғаса берсе, «СҚ-Фармация» компаниясының қазіргі құрамын да ауыстыруға мәжбүр боламыз деді президент.

Егер сәуір айында вакциналау қарқын алып оң нәтиже көрсетсе, мамырдың басында шектеулер бірте-бірте алынуы әбден мүмкін. Бұл дегеніміз шағын және орта бизнес қалыпты режимде жұмыс істеуге көшеді. Ол үшін президент Тоқаев тарапынан қатаң сынға ұшыраған үкімет пен денсаулық министрлігі кемшіліктерін дұрыстауы тиіс.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.