{metadescription}
Теректіліктер жол азабын 10 жыл бойы тартып отыр – Алматы
Теректіліктер жол азабын 10 жыл бойы тартып отыр – Алматы

Теректіліктер жол азабын 10 жыл бойы тартып отыр – Алматы

«Ми батпақтан мезі болдық!». Алматы іргесіндегі Теректі ықшамауданының тұрғындары 10 жылдан бері жол азабын тартып отыр. Жаңбыр жауса жұрт тобықтан саз кешіп, көліктер ойдым-ойдым жолмен жүрген соң жиі бұзылады екен. Жолдың жоқтығынан жедел-жәрдем қызметі де талай мәрте жете алмай, талай жан көз жұмды дейді қараша.

Ал шенділер шыдамдылық танытудан басқа амал жоқ деп жайбарақат отыр.

Алматы іргесінде орналасқан Теректі ықшамауданының тұрғындары бір күндік жаңбырдың зардабын бір ай тартады. Себебі жауыннан соң шұрық-тесік жолдар суға толып жұрттың жүріп-тұруы қиындайды. Бұл жыл сайын күз бен көктем мезгілінде қайталанатын көрініс.

Ми батпаққа айналатын көшелерге жедел жәрдем қызметі әрең жетеді екен. Соның салдарынан талай науқасқа дер кезінде медициналық көмек көрсетілмей, кеселден көз жұмғандары да болыпты. Такси да Теректіге ат басын тіремеуге тырысатын көрінеді. 

Рахымжан Орынбасаров, Алматы қаласының тұрғыны:

Жедел жәрдем келе алмай, коронавирустан қайтыс болған жағдайлар да болды. Бұл мәселені қарастыру керек. Болмайды ғой бұлай. Мен көлікпен жүремін. Таңертең және кешке келуімнің өзінде таудан жүріп өткендей. Такси шақыртсаң, бұл жерді естіп, қайтып кеткен кездері де болған.

Жолдың азабынан әбден қажыған қараша аудан және қала әкімдігіне талай мәрте шағымданыпты. Бірақ қордаланған мәселені шешуге шенділер әзірге асығар емес. Атқамінерлерден қайыр болмаған соң тұрғындар жылда өз қаражатына құм-тас төсеуге мәжбүр.

Марал Махамбетқызы, Алматы қаласының тұрғыны:

- Жақын жердегі дүкенге бару үшін аяққа целлофан киеміз. Ол сосын жан-жақта жатады. Жылда әр адамнан 30-40 мыңнан жинаймыз. Өзіміз шамамыз келгенше төсейміз. Бірақ мынандай ахуал қайталанады. Алатау ауданына жаздық талай. Бірақ мәселеміз қашан шешіледі, білмейміз.

Әкімдіктегілер аталған ықшамауданға алдымен су мен кәріз жүйесін тарту жоспарланғанын жеткізді. Олар бұл жұмыс биыл басталады деп сендірді. Содан кейін ғана жол жөндеуге кіріседі екен.

Мирас Зейнолдин, Алатау ауданы әкімдігі коммуналдық-шаруашылық бөлімінің бас маманы:

- Құрылыс нормасы мен талабына сай болу үшін инженерлік желілер төселеді. Өйткені асфальт төсеп қайта қазу тиімсіз. Қиындық тумаса, желілер екі жылда салынып бітуі мүмкін. Содан кейін міндетті түрде жол құрылысы басталады.

Жаман жолдан титықтаған тұрғындар облыстан қала аумағына жеті жыл бұрын қосылған. Бірақсол уақыттан бері бірде-бір әкімдік өкілі Теректіге ат ізін салмапты. Сондықтан бұқара бір ауыздан базынасын қала әкімінің тікелей өзіне жеткізбек.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде