Азаматтық позициясы айқын қаламгер Қабдеш Жұмаділов өмірден өтті
Қазақстанның халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов 85 жасқа қараған шағында өмірден өтті. Саналы ғұмырында сандаған роман мен бірнеше әңгіме жинақтары жарық көрген қаламгер қазақ руханиятына өлшеусіз үлес қосты. Оның "Соңғы көшін" оқымаған қазақ аз.
Автор: Мақсат Мәлік
05.04.2021
Қаламды қару еткен сөз зергері қоғамда азаматтық позициясын жасырмай айтатын қайсар мінезімен де өзгелерден дара тұратын. Көрнекті қаламгердің қазасына қабырғасы қайысқан халықпен бірге мемлекет басшысы да көңіл айту жеделхатын жолдады.
Алыптардың ізін жалғастырып өзі де тау тұлғаға айналған Қабдеш Жұмаділовтің қазақ әдебиеті тарихындағы еңбегі ұшан теңіз. Жазушының жүрегінен шыққан туындылар бір дәуірдің жүгін көтереді. «Сөз өнері дертпен тең» деген тәмсілді берік ұстанған қаламгердің саналы ғұмыры халықтың қазынасына баланды. Содан болар, халық жазушының қазасы қалың жұрттың қабырғасын қайыстырды.
Ұлықбек Есдәулет, Қазақстан жазушылар одағының төрағасы:
- Қабекең қазақ тарихында, қазақ әдебиеті тарихында қайтпас қайсар, нағыз халықтың жазушысы ретінде қалады. Жарқын бейнесі біздің жүргемізде әр уақытта сақталады. Халықтың жазушысы дүниеден өтіп жатқанда біз халыққа көңіл айтуымыз керек деп есептеймін.
Тағдыр тәлкегімен 1962 жылы шекарадан өткен көшпен түбегейлі атамекенге қоныс аударған Қабдеш Жұмаділов тарихи тақырыптардың тереңіне бойлап, «Соңғы көш», «Бақыт жолында», «Атамекен», «Тағдыр», «Дарабоз» секілді романдар мен бірнеше әңгімелер жинағын жазды. Арғы беттегі қандастардың өмірін зерделеп шығармасына арқау етті. Алғаш әдебиет табалдырығын аттаған сәттен бастап қолынан қаламын тастамаған жазушы соңғы демі үзілгенше сөз өнеріне адалдық танытты.
Қабдеш Жұмаділов, Қазақстанның халық жазушысы (1936-2021):
- Табиғат берген екен, Алла ғарыштан сый тартқан екен, сен оны халықтың игілігіне жұмсауың керек. Ақиқатқа жұмсауың керек. Сенің бір-ақ төрең бар – Құдай, ақиқат алдында, халық алдында жауап беруің керек. Басқа ешкімнің алдында жауапкер емессің. Өйткені ұлтпен байланысы бар бірден-бір кәсіп – әдебиет, жазушылық.
Қаламын қару еткен Қабдеш Жұмаділов әдебиеттен бөлек, қоғамды алаңдатқан жайттардан тысқары қалған емес. Азаматтық позициясы айқын қаламгер ешқашан ақиқаттан тайсалған жоқ. Керек жерінде кесек сөйлеп, қоғамның тамырын дөп басатын. Осындай өлшемді өмірлік мұрат еткен ол өтірік көлгірсуден ада болатын.
Қабдеш Жұмаділов, Қазақстанның халық жазушысы (1936-2021):
- Менің бір сөзім бар, жазушы бойжеткен қыз емес, көрінгенге ұнағысы кеп тұратын. Мен біреулерге ұнағым келіп тұрмайды. Кейін біз өткеннен кейін дүниеден кейінгі ұрпақ бұл дәуірді зерттейді. Сонда кім не жазды деп, сүзгіден өткізеді. Сол кезде бетім жарық болсын, жүзім жарық болсын, аруағым күңіренбесін деп, алдыма мақсат қойған адаммын.
Әрине, көрнекті қаламгерді сол мақсатына жеткен жазушы дей аламыз. Бүгін қабырғасы қайысқан халықпен бірге мемлекет басшысы да марқұмның отбасына көңіл айту жеделхатын жолдады. Жеделхата: «Өнегелі ғұмыр кешіп, соңына өшпес із, сарқылмас мұра қалдырған Қабдеш Жұмаділұлының есімі мен жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады» деп жазылған. Марқұмның сүйегі өз аманаты бойынша Шығыс Қазақстан облысына жерленеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!