Оралда бензин тапшы
Оралда бензин тапшылығы байқалды, жанармай бекеттерінде тек талонмен ғана таратып жатыр. Соның өзінде бір көлікке тек 20 литрден артық құймайды. Ал кейбірінде тіпті 10 литрмен шектеліп отыр.
Автор: Жаңалық Ахаш
05.04.2021
Владимир Кучеренко, Орал қаласының тұрғыны:
- Таң атпай жанармай бекетіне келдім, бірінде тек талонмен ғана құяды, екіншісінде 10 литрден артық бермейді. Ұзын-сонар кезек. Бензиннің тапшылығын түсінбей отырмын. Мұнайдың үстінде отырған бай елміз. Неліктен бұндай қиыншылық туып отыр?
Оралда бензин тапшылығы демалыс күндері басталған. Көптеген жанармай бекеті жұмысын тоқтатып, тек кейбірі ғана талонмен құйып жатыр. Жанармай алу үшін жүргізушілер сағаттап кезек күтуге мәжбүр. Тек бүгін түске таман жағдай біраз тұрақталды. Онда да жанармай бекеттері 10-20 литрден артық бензин бермейді. Тапшылықты пайдаланған кей кәсіпкерлер АИ-92 маркалы жанармайды 169 теңгеден саудалауда. Амалы таусылғандар алуға мәжбүр.
Облыс энергетика басқармасындағылар баға саясатына араласа алмаймыз дейді. Ал жанармайдың жоқтығына Атыраудағы мұнай өңдеу зауытындағы жоспардан тыс жөндеу себеп болуы мүмкін. Өйткені Батыс Қазақстан облысын дәл сол зауыт сұйық отынмен қамтып отыр.
Әсел Әбуева, БҚО ТҮКШ және энергетика басқармасының бас маманы:
- Атыраудағы мұнай өңдеу зауытында жоспардан тыс жөндеу жүріп жатыр. Сондықтан бірқатар жанармай құю бекеттері бензинді тек талонмен беруге мәжбүр. Зауыт толық іске қосылған соң, бензин тапшы болмайды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!