«АтырауНефтеМаш» жұмысшыларына жалақы төлемей қудалаған
«АтырауНефтеМаш» компаниясының жұмышылары айлық сұраймыз деп жұмыстан қуыла жаздады. Екі айдан бері ақша алмадық дегендер бүгін прокуратураға шағымданған. Алайда 40 шақты қызметкердің бұл қылығына қырсыққан басшылар барлығын зауыт маңына жолатпай қойыпты.
Автор: Тәуірбек Бозекенов
06.04.2021
«АтырауНефтеМаш» компаниясының қызметкерлері бүгін жұмыс орындарына кіре алмай қалды. 40 шақты қызметкер екі айлық жалақысын даулап бүгін прокуратураға барған. Осыны естіген басшылық олардан теріс айналған. Құзырлы орынға шағымданғандарды жұмысқа кіргізбей қойыпты.
Руслан Рақымов, дәнекерлеуші:
- Ақшамызды орнына қойсын, КИП-ті, сосын жалақыны талап етеміз! Жұмыс киімді де, денсаулыққа келетін зиянды да! Ақшаны бір береді, бір бермейді, быт-шыт қылып жатыр.
Онсыз да мардымсыз айлық алатын жұмысшылардың ақысы басқа тәртіппен төленетін болыпты. Кім көп өнім шығарса, ақша да көбірек беріледі екен. Бірақ бұл өзгеріске жиналған топ түбегейлі қарсы. Өйткені кәсіпорын басшылығы шетелдік жұмысшылардың айлығын сол күйі қалдырып отыр дейді жиналғандар.
Айбек Қибиденов, дәнекерлеуші:
- Біздің жігіттердің шетел азаматтарынан қай жері кем екенін түсінбедім. Олардың жалақысы, осы істеп жатқан бірдей жұмыстан үш-төрт есе көп алады.
Айлығын даулаймыз деп жұмысыз қала жаздаған азаматтар компания басшысының кабинетіне басып кірді. Есігін жауып үлгере алмаған директор амалсыз қол астындағы қызметкерлердің базынасын тыңдап, ешкім жұмыстан босатылмайды деп сендірді.
Алексанрд Донсков, «Атыраунефтемаш» ЖШС бас директоры:
- Бұрын қызметкерлерге жалақы 7 сағаттық жұмысына төленетін. Қаңтардың 17-сінен бастап бұл жүйе өзгерді. Оған дәл қазір компаниядағы 320 адамның 40 шақтысы келіспей отыр. Бүгін біз соларды бір күнге ғана жұмыстан босаттық. Ертең қайта қызметке кірісе берсе болады. Олардың мәселесін шешетін боламыз.
Ал еңбек инспекциясы аталмыш компания жалақыны кешіктіріп беруді әдетке айналдырған дейді. Тіпті жұмысшылар тарапынан бірнеше рет арыз-шағым да түскен. Айыппұл төлеп қана құтылатын басшылық бұл жолы сот алдында жауап береді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!