Ковид-19: Ауру көбеюінің бірден-бір себебі неде?
Ақмола облысы да қауіптің «қызыл» аймағына қосылды. Індеттің өршуінен өңірде қоғамдық орындар жабылып, санитарлар халықты локдаунға дайындап жатыр. Осылайша ауру таралу қаупі өте жоғары аймақ саны жетеу болды: Алматы, Нұр-Сұлтан және Ақмола, Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Алматы облыстары.
Автор: Аруна Ортай
06.04.2021
Ал «қызыл» аймақтардың қатары өсіп, аурудың көбеюінің бірден-бір себебі – карантин талаптарының мүлдем сақталмауы.
Ақмола облысы күні-кеше ғана сәл болса да тәуірлеу «сары» аймақта болған. Бірақ ахуал бір түнде өзгерді. Салы суға кеткен санитарлар өңірдің «қызыл» аймаққа кіруіне мейрамхана иелерін кінәлайды. Айтуларынша, карантин талаптарына қарамастан, өңірде той-томалақ тыйылмай жатыр.
Айнагүл Мусина, Ақмола облысы санитария-эпидемиология бақылау басқармасының басшысы:
- Кәсіпкерлерлер де айлаға көшіп алған. Эпидемиологиялық жағдайдың ушығып тұрғанына қарамайды. Мейрамхана терезелерін жауып, көліктерді басқа аулаға қойып той-томалақты жалғастырып жатыр. Елордадағы ахуал іргелес жатқан Аршалы, Шортанды, Ақкөл аудандарына әсер етпей отырған жоқ. Әсіресе астанада жұмыс істеп. Көрші ауылда тұратындар вирус тасымалдап жүр.
Айгүл Шатекова, Қарағанды облысы санитария-эпидемиология бақылау департаментінің ресми өкілі:
- Науқастар қазір Жезқазған қаласы және Сәтпаев қаласының инфекциялық стационарларына жатқызылды. Байланыста болғандар анықталып, аурудың одан әрі таралуына жол бермеу үшін бар шара жүргізілуде.
Қазір ауру тараған Алғабас ауылына бір топ санитар маман жөнелтілді. Соңғы мәлімет бойынша, коронавирустан тағы 24 адам көз жұмды. 1809 адамнан індет табылған. Алматы мен Нұр-Сұлтанда ауру ушығып тұр. Ауру жұқтырудан Алматы облысы үшінші орында.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!