{metadescription}
Ковид-19: Он миллион қазақстандыққа вакцина салынады
Ковид-19: Он миллион қазақстандыққа вакцина салынады

Ковид-19: Он миллион қазақстандыққа вакцина салынады

Коронавирусқа қарсы вакцина жыл соңына дейін 6 миллион емес, 10 миллион қазақстандыққа салынатын болды. Президенттің қатаң сынынан кейін денсаулық сақтау министрлігі межелі жоспарды едәуір көтерді. Вакциналауды жылдамдатпаса, жағдай қиын. Наурыз бен сәуір айларында ковидтің таралу қарқыны күшейіп барады.

Алайда қазіргі вакциналаудыы сынаған Мәжіліс депутаттары министрліктің бұл межені орындай алатынына сенбейді.

Коронавирустың ел аумағына таралуы өткен наурыз айында 30 пайызға өскен. Сандық көрсеткішпен алғанда күніне 1800 адамнан жұқтырған. Сәуір басталғалы бес күн ішінде 9983 адам жұқтырған – күніне 2 мың адамға дейін. Аурулар көбейіп бара жатқанда вакциналаудың ақсап жатқаны бәріне сын.

Денсаулық сақтау министрлігі коронавирустан тек вакциналау құтқарады деуін десе де, шаруаны мандыта алмай отыр.

Қазір вакцинаның бірінші және екінші бөліктерін алғандарды қоса санағанда, 267 мыңға жетеғабыл. Мұндай есек-аяңмен межелі көрсеткішке жетпейтінімізді министр Цой енді түсінген сияқты.

Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

Сәуір айында 2 миллион доза вакцина жеткізіледі деп отырмыз. Сол арқылы Нұр-Сұлтан қаласына келетін вакцина көлемі 284 мыңға дейін артылады. Алматыға жеткізілетіні 464 мың, Шымкентке 172 мың, Алматы облысына 232 мыңға дейін артады. Жалпы бірінші жартыжылдықта елге 6 миллион дозасы жеткізіледі. Ол вакцина салдыратын жұрттың 64 пайызын қамтиды.

Әуелде 6 миллион қазақстандықты вакциналаймыз деп, ол ісін өндіре алмай отырғанда, енді вакцинаны 10 миллион адамға саламыз деп жоспарды одан асыра көтеруінің себебі де бар. Вакциналау баяу жүріп жатқанын өткен аптада президент Қасым-Жомарт Тоқаев та айтып, министр мен Үкіметке қатаң ескерту жасаған. Одан қалды мәжілістегілер де министрліктің сылбыр әрекетін сынады. Әлі де сол ұстанымда жүрген депутаттар жоспарды 6 миллионнан 10 миллионға көтеруін нәтижелі істің көрсеткіші емес, жоғарыдағыларға жағыну үшін айтылған сөз деп бағалап отыр.

Ирина Смирнова, Мәжіліс депутаты:

- Президент вакциналауды жүргізе алмасаңдар, оның салдары қиын болады, әрі қарай кімнің жұмысын жалғастыратынын, кімнің жалғастырмайтынын шешеміз дегеннен кейін бәрі тыпырлай бастады. Қазір олар құлаққа жағымды естілетін, жоғары жаққа да ұнамды сандарды айта береді. Ал негізінде шамамыз жететін санды айтуымыз керек.

Сол айтылған 10 миллион адамға вакцина салуға депутат жекеменшік клиникаларды да іске қосу керегін айтады. Елді барынша кең қамту үшін шараның өзі кең ауқымда жүруі керек дейді.

Сәуірде өңірлерге жеткізілетін 2 миллион дозаның бір жарым миллионы –  ресейлік «Спутник V». Тағы 500 мыңын министр өзге өндірушілерден алатынымызды айтты. Бірақ қандай вакцина екені айтылмай тұр. Вакциналау енді үлкен қарқынмен жүретіндіктен, әкімдіктерге қосымша жүк түсейін деп тұр. Енді адам көп шоғырланатын орталықтарда уақытша екпе салу орындары ашылып, вакцина сақтайтын мұздатқыштар да қосымша қосымша қамтамасыз етілуі керек.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде