МӘМСҚ: Жарна төлемей, медициналық көмек ала алмайды
Депутаттар медициналық сақтандыру қорына төленетін жарна ережелерін қайта қарау керек деп есептейді. Әйтпесе миллиондаған қазақстандық толық медициналық көмектен қағылуы мүмкін.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
07.04.2021
Әңгіменің ауаны елде міндетті медициналық сақтандыру енгізілгелі бері бірде-бір төлем жасамаған азаматтар туралы. Мәжілісмен Гүлдара Нұрымова келтірген мәліметке сай, экономикалық белсенді халықтың 3 миллионы сақтандырылмаған. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, жұмыссыздар қорға жарна төлемей, медициналық көмек ала алмайды. Сәйкесінше, бұл созылмалы, асқынған ауруды кеш анықтауға әкелейін деп тұр. Енді сақтандырылмаған азаматтар 2021 жылы ем-дом алуға 2020 жылға жарна аударуы керек. Депутат бүгінгідей қысылтаяң уақытта олардың былтырғы төлемін бір-ақ сұрамай, оны тоқсанға немесе жарты-жартыдан бөлу керек деген пікірде.
Гүлдара Нұрымова, Мәжіліс депутаты:
- Кейбір медициналық ұйымдар тіпті сақтандырылушыларға көмек көрсетуден бас тартуға мәжбүр. Сондықтан төлем қабілетсіздігін, коронавирус пандемиясына байланысты халық табысының төмендеуін ескере отырып, 2020 жылға жарна төлеуді талап етпеу керек, ал қорға аударымдарды тоқсан сайын немесе жарты жылға бөлу керек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!