Жер сатылмайды, жалға да берілмейді – Заң жобасы мақұлданды
Ауыл шаруашылығы жері бұдан былай шетелдіктерге, шетел азаматының үлесі бар казақстандық немесе халықарылық ұйымдарға сатылмайды, жалға да берілмейді. Бүгін Мәжіліс қайта дайындалған заң жобасын мақұлдады.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
07.04.2021
Ал осы уақытқа дейін жалға өтіп берілгендері 2025 жылға дейін мемлекетке кері қайтарылады. Бүгінде осындай 100 мың гектар жерді біріккен кәсіпорындар мен шетелдіктер иеленіп отыр екен.
Сапархан Омаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
- 74,4 мың га ауыл шаруашылығы жері жеті біріккен кәсіпорындардың үлесінде. Үлесінде болғанда, соларға жалға берілген. Одан басқа екі шетелдік заңды тұлға 18,5 мың га жерді бүгінгі күні жалға алып отыр. Олардың жалға алу мерзімі 2022 жылдан 2025 жылға дейін жұмыс істейді. Уақыты өткеннен кейін барлық жер үкіметке кері қайтарылады.
Қазақстанда мораторийге дейін бір жарым миллион гектарға жуық жер жекенің қолына өткен. 128 әртүрлі субъектке тиесілі учаскелер жайылым, егістікке қолайлы. Жерлердің басым бөлігі оңтүстік өңірлерде сатылыпты. Министр жеке меншіктегі бұл жерлерді «әкімдік, ғарыш мониторингі арқылы бақылап отырмыз» деп сендірді.
Президенттің тапсырмасымен арнайы заң жобасы Мәжілістің қарауына енгізілген. Құжатқа сәйкес, ауыл шаруашылығы жерлері шетелдіктерге сатылмайды және жалға берілмейді. Ал қандастар бойынша, олар жеке қосалқы шарушылығы, бау-бақша және саяжай құрылысына жер учаскесін ала алады, ауыл шаруашылығы жерлерін Қазақстан азаматтығын алғаннан кейін ғана жалға алуына болады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!