Мониторинг топтардан кім жапа шегіп отыр?
Мониторинг топтардан көп жапа шегіп отырған – алматылық кәсіпкерлер. Мұны талайдан бері өздері айтып та жүр. Тіпті «бармақ басты, көз қыстыға» салып аузын майлайтындардың аз емес екенін Алматы әкімі де айтқан болатын.
Автор: Асқарбек Қазанғап
07.04.2021
Қаланың санитария-эпидемиологиялық бақылау департаменті мониторинг топқа осы уақытқа дейін еш шағым түспеді деп қарап отыр. Сөз сыңайы «сүттен ақ, судан тазамыз» дегенге саяды. Жыл басынан бері атқарған жұмысын жіпке тізген олар бүгінге дейін карантин режимін бұзғандар 200 миллион теңге айыппұл төлегенін алға тартты. Қаңтардан бері 13 500 нысанға рейд жүргізілсе, соның 1573-не әкімшілік хаттама толтырылыпты.
Сәдуақас Байғабылов, Алматы қаласы санитария-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:
- Мониторинг топ бетперде режимінің сақталуын қадағалайды. Ережені елемеген 2793 Алматы тұрғыны әкімшілік жауапқа тартылып, жүз миллионнан астам теңге айыппұл төлеуге міндеттелді. Қазір 63 іс сот қарауында жатыр. Оның отызына сот үкімі шығып, шағын және орта бизнес нысандарының кейбірі уақытша жұмысын тоқтатты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!