{metadescription}
Қоянды жұрты үш күн бойы топан сумен арпалысып жатыр – Ақмола облысы
Қоянды жұрты үш күн бойы топан сумен арпалысып жатыр – Ақмола облысы

Қоянды жұрты үш күн бойы топан сумен арпалысып жатыр – Ақмола облысы

Ақмола облысына төнген қауіп сейілмей тұр. Аймаққа қарасты бірнеше ауылды су басты. Елордадан 20 шақты шақырым жердегі Қоянды кенті қыс бойы тау болып жиналып қалған қардың зардабын тартып жатыр.

Қызыл су үйлерге кіріп тұрғындарды шығынға батырған. Дүние-мүлкі бүлінген жұрттың жанайқайын тыңдар құлақ та жоқ. Ашуға булыққан тұрғындар шенеуніктердің құрғақ уәдесінен шаршаған, олардың жайбасарлығына өкпелі.

- Көктемде күннің бұлай шақырайып тұруы сирек құбылыс. Адамдар түгілі, бала мұндай күнде далаға шыққысы келеді. Дәл диванда жатып күн сәулесіне масаттанғанға не жетсін! Бірақ жұрттың бұған дәл қазір уақыты да жоқ. Өйткені жан-жақ топан су.

Қоянды ауылындағы ағайын үш күннен бері топан сумен арпалысып жатыр. Еріген қар суы мұндағы 5-6 көшені басып қалған. Жер үйлер құдды бір аралда тұрғандай. Құтқарушылардың көмегінен қайран жоқ, тек резеңке етік қана әрі-бері жүруге көмек. Мектепке баратын балаларын кейбірі арқасына  салып тасып жүр.

Әбдіманап Ерназаров, Қоянды ауылының тұрғыны:

- Былтыр әкім уәде берген. Анау көшені өқазып бітіргеннен кейін осы бетте жол салып беремін деген. Бір жыл өтті. Салған ештеңесі жоқ. Қар шығарылмаған. Әкімдік жолды ғана тазалайды, бұл жаққа келмейді. Әркім үйінің алдындағы қарды көшеге өзі шығарады.

Қызыл су жер үйлердің ауласына ғана емес, ішіне де кірген. 11 жылдан бері уақытша баспанада тұрып жатқан Шабановтар отбасының отағасы үйін су басқанын түнде көріпті. Шелектеп сыртқа суды тасығанымен, одан пайда жоқ.

Ержан Шабанов, Қоянды ауылының тұрғыны:

Ұйықтап тұрсам, үйімді су басып жатыр. Құтқарушылар екі рет келді, көрді де кетті. «Әкім, сіз біздің үйді қарасаңызшы, көрсеңізші, бізде болып жатқанын», - деймін. «Жарайды, жарайды» - деп, кетіп қалды, болды. сонымен жүрміз өзіміз, суды шелекпен, сорғышпен шығарып.

Отбасының дүние-мүлкі малмандай су. Аядай бөлмеде төрт бала кереуеттің үстінде отыр. Ауылды су басқаны мектептегілерге кедергі болмайтыны түсінікті. Топан суға қарамастан, бұл үйдің баласы онлайн сабақтан қалғысы жоқ.

Тұрғындардың айтуынша, мұндай жағдай жыл сайын қайталанады. Қыста қар, көктемде оның суынан, одан қалды әкімнің құрғақ уәдесінен халық әбден қажыған.Бүгін жұрттың жанайқайына құлақ салған әкімді көре алмадық. Бірақ әкімнің көмекшісімін деп таныстырған жігіт ағасын қояндылықтар жеп қоя жаздады.

Ақылтай План, Қоянды ауылы әкімінің көмекшісі:

Ана жақта арықты қазып келдік. Суды көп көріп жатырсыздар. Үлгермей жатырмыз. Осы жерде екі күн жүрмін. Ана кісіден сұрасаңыздар болады. Қазып жатырмыз, жұмыс істеп жатырмыз. Ауа райына да байланысты.

Ақмола облысы төтенше жағдайлар департаменті өкілдері жер үйлердің су астында қалуына тұрғындардың өзін кінәлі қылғандай. Қояндыда үй құрылысы қарқынының артуы басты себеп екен.

Қанат Доспаев, Ақмола облысы ТЖД бастығының орынбасары:

- Жыл сайын үйлер салынып, жер бедері үнемі өзгеріп отырады. Сондықтан су басу жылда әр түрлі болады. Осы жылы үй су астында қалса, ол дегеніңіз қасында іргетасы бой көтергенін білдіреді. Яғни әр жылы үй биіктеп салынған сайын, бұрынғы үйлері төмендей береді де, ойпатта қалып қояды.

Көшеде жиналған суды төтенше жағдай департаментіне қарасты экскаваторлар арық қылып қазып, айдап жатыр. Ал су сорып жатқан техниканы көз шалмады. Тұрғындар өзі сорғыларды әр жерге қойып амалдауға мәжбүр.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде