Ковид-19: Эпидахуалы тұрақты төрт облыс қана қалды
«Жасыл» аймақ азайып барады. Эпидемиологиялық жағдайы тұрақты өңірлердің қатарында бүгін 4 облыс қана қалған. Себебі, Солтүстік Қазақстан мен Маңғыстау облыстары коронавирустың өршуіне байланысты «сары» аймаққа ойысты.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
09.04.2021
Қауіптің ең жоғары «қызыл» деңгейінде екі қала мен алты облыс тұр. Себебі, тәулік ішінде індетпен тіркелетіндер саны азаяр емес. Соңғы тәулікте вирус тағы 2 жарым мыңға тарта адамнан анықталған.
Алматыда күн сайын індетпен 700-ден аса науқастан тіркелуде. Бұл статистика ақ халаттыларды алаңдатып отыр. Әсіресе 1 жасқа дейінгі балалар індетті көп жұқтыратын болған. Апта ішінде 64 нәрестеге қауіпті диагноз қойылған. Ал 60 жастан асқан адамдар арасында сырқаттанғандар деңгейі 4 пайызға өсті.
Әсел Қалықова, Алматы қаласы санитария-эпидемиология бақылау департаменті басшысының орынбасары:
- Бір жасқа дейінгі балалар арасында коронавирустың апталық тіркелуі 5,3 есеге, ал 14 жасқа дейінгі балалар арасында 3,5 есеге өсті. Алматы қаласында індеттің өршуіне бірден-бір себеп – мутацияланған штамдардың таралуы.
Елордада кесел 446 тұрғыннан анықталыпты. Мұнда індеттің таралу қарқыны өткен жылдың шілдесімен салыстырғанда шамамен екі жарым есеге жоғары болып тұр. Ол кезде коронавируспен тәулігіне орта есеппен 180 науқас тіркелген еді.
Тимур Мұратов, Нұр-Сұлтан қаласы қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы:
- Орта есеппен коронавирус инфекциясымен 430 жаңа жағдай күнделікті тіркеліп отыр. Бұл өткен жылдың шілде айына қарағанда көбірек болып келеді.
«Қызыл» деңгейдегі Ақмола облысында кеселге шалдыққандар апта ішінде бір жарым есеге көбейген. Мамандар аурудың өршуіне жұрттың адам көп жиналатын жерлерге жиі баруы себеп дейді. Эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауына байланысты бүгіннен бастап өңірдегі шектеу шаралары күшейтілді. Мәдени нысандар мен кинотеатрлар жабылатын болды.
Айнагүл Мусина, Ақмола облысы санитария-эпидемиология бақылау басқармасының басшысы:
- Сенбі және жексенбіде азық түліктен басқа тауарлар сататын жабық базарлар, фитнес клубтар мен спорттық сауықтыру орталықтары жұмысын тоқтатады. Сауда орталықтары таңғы 9-дан кешкі 10-ға дейін жұмыс істейді. Қоғамдық тамақтану орындарында адам саны 50 пайызға дейін қысқартылуы тиіс.
Соңғы мәлімет. Елімізде «қызыл» аймақта 8 өңір: Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары, Атырау, Ақтөбе, Ақмола, Батыс Қазақстан, Қарағанды және Алматы облыстары.
Қауіптің «сары» деңгейінде: Шымкент қаласы, Қызылорда, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау облыстары. Өткен тәулікте кесел тағы 2440 тұрғыннан анықталған.
Дәл қазір ел аумағында Covid-19-дан 30 мыңнан аса адам емделуде. Оның 11 мыңы ауруханада жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!