Ербол Бұрашев: Біздің вакцина вирустан 100 пайыз сақтайды
Сәуірдің аяғына дейін отандық вакцинаның алғашқы партиясы дайын болады. Жамбыл облысындағы биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтында қазір қызу жұмыс жүріп жатыр.
Автор: Асқарбек Қазанғап
09.04.2021
Мамандар қазақстандық екпенің сапасы өзгелерінен озық боларына сенімді. Стратегиялық нысандағы зертхана жұмысын тілшіміз өз көзімен көріп қайтты.
Отандық вакцинаны өндіріп жатқан ошақ. Отар әскери базасының аумағында орын тепкен. Көктемнен бері қазақстандық екпені дайындауға кіріскен мамандардың еңбегі еш кетпеді. Ғылыми институтта сәуірдің 25-не дейін вакцинаның 50 мың дозасы дайын болады.
Аумаққа көлденең көк атты кірмейді. Рұқсаты барлардың өзі зертхана табалдырығын бірнеше тексерістен кейін бір-ақ аттайды. Арнайы қорғаныс киімінсіз кірмейсіз. Жарты ғасырдан астам тарихы бар инстиутта 600-ден астам биологиялық штамм сақталған. Ол вакцина дайындауға қажет.
Қуандық Жүгінісов, ҚР БҒМ Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институнының зертхана меңгерушісі:
- Бұл жерде негізі вакцина дайындауға, диагностиканы дайындауға қажет биологиялық штамдар сақталады. Ол штамдарды біздің қызметкерлер жыл сайын күтіп баптайды, жаңартады оларды әртүрлі биологиялық жүйелерде, жануарларда сақтап, биологиялық белсенді күйде сақталуын қамтамасыз етеді.
Бұл микроскоппен қарағандағы коронавирус. Күнделікті зерттеу тоқтамайды. Індет алқымнан алған қысылтаяң кезде институт қызметкерлері демалысты ұмытты. Кеселге тойтарыс берер екпені елек-екшеп, сан тексеріс сүзгісінен өткізіп барып сапалы вакцинаға қол жеткізді. Орталыққа пандемия кезінде әкелінген жаңа құрылғылар күнде құбылып жатқан вирустың штамын дөп басып таниды.
Ербол Бұрашев, ҚР БҒМ Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институнының зертхана меңгерушісі:
- Бұл зерттеулер ары қарай жүргізілуде және Қазақстанда тек британдық тип емес, оған қоса бразильдік, болмаса Оңтүстік Африка типтері болуы мүмкін екені мәлім.Өзгерулер көптеп жүре береді. Бірақ бұл қаншама өзгеріс болса да, біздің вакцинамыз оны иммунитет болып және біздің вакцинамыз ол вирустан 100 пайыз сақтайды.
Институт жанында вакцинаны ірі көлемде шығаруға мүмкіндік беретін биофармацевтикалық зауыттың құрылысы бертінде бітті. Құрал-жабдықтың 95 пайызы жеткізіліп те қойған. Ал онда жұмыс істейтін қызметкерлерге арнап 180 пәтерлік үш үй пайдалануға беріледі. Осыған дейін баспанасы болмаған институт қызметкерлері енді жақын арада қоныс тойын тойлайды.
Ұлан Жазылбек, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары:
- Сәуір айында түгел құралды орындарына қойып, желіге қосып, мамырда сынамалы партиясын шығаруға тырысамыз. Валидация процедуралары бар, рәсімдері бар, сертификатын алу рәсімі бар. Соның бәрін аяқтап, тамыз-қыркүйек айында зауытты толық айдалануға беріп, өзіміздің қазақстандық вакцинаны біздің зауытта шығаруға жұмыс атқарамыз.
Тамызда отандық екпені өндіретін зауыт іске қосылады. Арнайы сертификатын алған соң, 2 млн доза шығарады деген жоспар бар. Ал оған дейін осы институтта дайындалған қазақстандық вакцинаның 50 мың дозасын 25 мың отандасамыз ектіреді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!