Репортаж: Алматыда жаппай вакциналау қалай өткізіліп жатыр?
Алматыда жаппай вакциналау басталды. Өтініш білдірген кез келген тұрғын ойын-сауық орталығында, тіпті базарларда ашылған орындарда екпе салдыра алады. Қазір медициналық мекемелерден бөлек, қалада дәл сондай 20 орталық бар.
Автор: Мақсат Мәлік
09.04.2021
Бірақ әзірге екпеге асыққан ағайын бәріне бірдей бас сұға алмайтын секілді. Өйткені сауда үйлерінің кейбірі қызу іске кіріскенімен, енді біріне вакцина әлі жеткізілмеген. Карантиннің кесірінен жұмыс тәртібі бұзылған сауда орталықтарында бүгін қарбалас басталды. Алайда ғимарат ішінде сауда-саттық жасағандардан гөрі, бұрыштағы медпунктте ағылған жұрттың қарасы көп. Вакцинаға асыққандардың жас ерекшелігі әр түрлі. Ал таңнан бері табанынан таусылған дәрігерлер кезек күткендерге әр нәрсені түсіндіріп әлек.
Сауда орындарында басталған екпе шаралары да төрт кезеңнен тұрады. Ниет білдіргендер әуелі қажет құжатқа қояды. Одан әрі қан қысымы мен дене қызуын өлшетіп, дәрігердің тексеруінен кейін вакцина салуға жіберіледі. Соңғы кезеңде арнайы орында жарты сағат отырып дәрігердің бақылауында болады.
Алшынбай Нүсіпбаев, Алматы қаласының тұрғыны:
- Екпе алғаннан кейін дәрігерлер 15-20 минут күтіңіз деді. Аллергия шығып қалуы мүмкін. Бірақ мен ондай сезген жоқпын. Жедел көмек көрсетейін деген ойы жоқ.
Тұрғындар індеттен қорғану мақсатында екпе салдырғанымен, бойында үрей барын жасырмайды. Көпшілігін «Аяқ астынан денсаулығым күрт нашарласа, алғашқы көрсетілетін көмек қандай?» деген сұрақ мазалайды. Өйткені сауда орталығының маңында жедел жәрдем көлігін көрмедік. Дегенмен дәрігерлер алаңдауға негіз жоқ дейді.
Қаламқас Қалиева, №17 қала емханасы цифрландыру және статистика есеп беру бөлімінің басшысы:
- Бізде барлық жиынтықтар бар. Анафилаксиялық шок кезінде қандай көмек көрсетіледі, оған керекті зат бар. Жүрек талмасына қатысты қиындық болып қалса, оған да жиынтығымыз дайын. Дәрігерлер де, медбикелер де аттестациядан өткен. Қандай көмек көрсету керегін біледі.
Алматыда медициналық мекемелерден бөлек, ойын-сауық орталықтары мен базарларды қосқанда, 20 орында екпе егіледі. Өкінішке қарай, бұл шаралар вирустың қаупін сейілту үшін қолға алынса да, тұрғындар бәріне бірдей бас сұға алмайтын сыңайлы. Себебі, кейбір базарда ашылған орталықтар әлі қаңырап бос тұр. Сөзге сараң мамандар әзірге вакцина жеткізілмегенін айтады. Тіпті ауруханалардың өзі қосымша әкелінетін дозаны күтіп отыр екен.
Сәуле Төлегенова, №5 қалалық клиникалық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары:
- Бүгінгі жоспарланған 800 дозаны тауыстық. Қосымша тағы да жобамен 2 мыңға жуық вакцина күтіп отырмыз. Сөйтіп алдағы демалыс күндері жұмысымызды жалғастырамыз.
Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, осы уақытқа дейін 50 мыңға жуық алматылық екпе салдырған. Олардың көбісі дәрігер, педагог мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері. Ал көпшілікті жаппай вакциналауға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!