Семейде супермаркет салмақшы болған кәсіпкер жолды жауып тастаған
Семейде супермаркет салмақшы болған кәсіпкер жолды жауып тастады. Бүтін бір ықшамаудан тұрғындары қатынайтын соқпақты айналдыра қоршап тастаған. Осыған ашынған жұрт шу шығарды. Өйткені бірнеше күннен бері тұрғындар ешқайда шыға алмай қалдық дейді.
Автор: Ұлан Нұрахмет
12.04.2021
Олар жол бойындағы жер телімін жекенің қолына сатып жіберген шенеуніктерден жүріп-тұруға жағдай жасауды талап етті. Ұлардай шулаған қараша – Треугольник ықшамауданының тұрғындары. Бүгінде жан-жағын теміржол қоршаған шағын ауданда шамамен 200-ден астам баспана бар. Ал жұрт аурухана мен аялдамаларға шойын жолдың жиегіне қойылған кішкентай өткел арқылы қатынайды. Енді олар сол жалғызаяқ соқпақтан айырылып, қоршауда қалдық деп зар қағуда. Өйткені сауда орнының құрылысын жүргізбек болғандар тұрғындардың жаяу жүретін жолын қоршауға бекінген.
Қайыпжан Алшынбаев, Семей қаласының тұрғыны:
- Темір жолды асып түсетін жерде құрлыс салып жатыр. Оның бойын түгел қоршап тастады. Бүгінде сол жерден жол жоқ. Енді мұны айналып өту үшін анау Жаңақұрлыс жақпен өтуіміз керек.
Тұрғындар өзімен санаспаған жергілікті шенеуніктерге өкпелі. Олардың айтуынша, атқамінерлер Треугольникті мүлдем ұмыт қалдырған. Қазір ықшам аудандағы жолдың сапасы да сын көтермейді. Соның салдарынан жұрт қараңғы көшелерде ми батпақ кешіп жүруге мәжбүр.
Бәкеш Үдербаева, Семей қаласының тұрғыны:
- Сонымен қатар жолдың мәселесі сұмдық. Көтем уақытында мына жерде малтып жүреміз. Таза киім болмайды. Балалардың киімін неше ауыстырып алып келеміз.
Ал ашуға булыққан жұртты сабырға шақыруға атқамінерлер жедел жетті. Олар жер телімі бес жыл бұрын сатылып кеткен дейді. Алайда кәсіпкердің құрылыс жүргізуге әлі құжаты дайын емес екен. Сондай-ақ жолды жауып тастағаны да заңға қайшы дейді шенділер.
Ардақ Исатаев, Семей қаласы сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы:
- Рұқсат құжаттары дейді. Жобасы бізден толық өткен жоқ. Құрылысқа алдын ала дайындық жүргізіп жатыр. Бірақ мынандай қоршау жасалмау керек. Халықтың жолы жабылмауы тиіс.
Ақыры жалғызаяқ соқпақ жолды аштырамыз деген атқамінерлердің сөзіне жұрт сенбеді. Сұрақтың астында қалған мамандар бірден қарашаны шаһар әкімімен кездесуге шақырып әлекке түсті. Бірақ олар тұрғындарға Треугольник ықшамауданы қаражаттың тапшылығына байланысты көркейту жоспарына еңбегенін кесіп айтты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!