Қарағанды облысында із-түзсіз жоғалған фермер іздестіріліп жатыр
Қарағанды облысында төрт күн бұрын із-түзсіз жоғалған фермер іздестіріліп жатыр. Нұрлан Сүлейменовтің көлігі Нұра өзенінің түбінен табылған. Алайда аудан мәслихатының экс-депутаты ұшты-күйлі жоқ.
Автор: Саят Дәулетжанұлы
12.04.2021
Нұра өзенінің бойын құтқарушылар мен жергілікті тұрғындар жаяулатып қарап, су үстін қайықпен шолып жүр. Өзеннен аққан мұз кесектері бұған айтарлықтай кедергі келтіріп жатыр. Іздеуге сүңгуірлер тартылып, төбеден тікұшақ та қосылған. 62 жастағы шаруа қожалығының иесі өткен бейсенбіде көрші ауылға жұмыстарымен кетіпті. Ертеңіне хабар ошар болмаған соң іздеу басталған. Жергілікті тұрғындар көлікті жазықтан еріп аққан қызыл су алып кетті деп болжайды. Ал құтқарушылар тасқын кәсіпкер жоғалғаннан соң екі күннен кейін жүргенін айтады. Десе де көлік арнасынан асқан Нұра өзенінің түбінен табылып отыр.
Ақылбек Ахметжанов, Қарағанды облысы ТЖД бастығының орынбасары:
- Машинадан ешкім табылған жоқ, бірақ алдыңғы сол жақ терезесі мен артқы сол жақ терезелері ашық. Қазір сол жерде құтқарушылар, сүңгуірлер жұмыс істеп жатыр: сегіз адам, үш қайық және екі техника. Іздеу жалғаса береді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!