Вакцинаның II компонентін қай жерде салдыру керек?
Нұр-Сұлтан қаласында да сауда, ойын-сауық орталығында халықты жаппай вакциналау басталды. Бұрынғы мұз айдынының үстін бас қаланың дәрігерлері екпе егетін орынға айналдырған. Ал екі қалада вакциналау пунктін ашудың арқасында Денсаулық сақтау министрлігінің ойлағаны жүзеге асып жатқан секілді.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
12.04.2021
Қос қалада жұртқа 130 мыңға жуық ресейлік препараттың дозасы салыныпты. Енді жаппай вакциналау орындары ашылған ірі бизнес орталықтары жұмыс уақытын өзгертті.
Сауда, ойын-сауық орталығында егу пунктін ашуға Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі 26-наурыздан бері дайындалды. Екі аптадан аса уақыт өткенде, бүгін әйтеуір ашылды. Өкініштісі, бұл егу орны сияқты елордадағы басқа бизнес нысандарында пунктер әлі жоқ. Қашан ашылатыны да белгісіз.
Ең қызығы, бас қаланың «қызыл» аймақта екеніне қарамастан, вакциналау пункті бар сауда орталығы сенбі-жексенбі күндері енді ашық болады. Таңғы сағат 10-нан кешкі 10-ға дейін жұмыс істейді.
Орталық ішіндегі пункт бір қарағанда өз ережесі бар қалашыққа ұқсайды. Тұрғындар бір-бірден қойылған орындыққа жайғасып сауалнама толтырады, кейін мамандардың кеңесін алуға палаткаларға кіреді. Жеке мәлімет тексерілген соң, екпе алатын бөлмеге бет алады. Бұл орталық таңда ашыла сала, вакцина салдыруға келгендерді бірден қабылдады. Ұзын-сонар кезек.
Гүлнұр Ахметжанова, отбасы денсаулық орталығы директорының орынбасары:
- Таңнан, саағат 10-нан бері қазір 78 адам екпе алды. Ешқандай кері әсері болған жоқ. Бұл жерде сағат 10:00-нан кешкі 16:00-ге дейін бір бригада. Бригада құрамында тіркеуші, дәрігер, екпе салатын медбике кіреді. Сондай күніне төрт бригада жұмыс істейді.
Ресейлік «Спутник V»-дің мұнда 1000-нан аса дозасы жеткізілген. Ал бір күнде жоспармен 300-дей елордалыққа қызмет көрсетіледі. Вакцинаны мәжбүрлеп салу деген жоқ, бәрі де ерікті. Тек жеке куәлік болса жеткілікті. Елде тұруға рұқсаты бар шетелдіктер де екпені қабылдай алады.
Денис Паскаль:
- Мен Назарбаев университетінде мұғаліммін. Бельгиядан келдім. Көптен бері екпе салдыруды ойлап жүрдім. Себебі, ертеңгі күндері вакцинасыз саяхаттай алмай қаламыз деп қорықтым. Жазда Канадаға баруым керек. 66-дамын, жасым кедергі болады деп ойладым. Жоқ, бәрі жақсы. Жеке сәйкестендіру нөмірімді сұрады, екпе салып берді.
Бүгінде 39 мыңдай нұрсұлтандық, 75 мыңнан астам алматылық коронавирусқа қарсы екпе салдырған. Вакцинациялау қарқынында Алматы көш бастап тұр. Оңтүстік астанадағы ірі сауда ойын-сауық орталығында вакциналау қазір қызған. Күн сайын бұл жерде 200-ге жуық тұрғын екпе салдыруда. Жексенбі күні дене қызуы қатты көтерілген 4 адамға вакцина салмай кері қайтарған.
Гүлнар Әбдіркерімова, отбасы дәрігері:
- Гормон терапиясын алатын 18 жасқа дейінгі жас балаларға салмаймыз. Немесе қазір ауырып тұрған науқасқа, дене қызуы көтеріліп тұрғандарға екпе салмаймыз. Отадан шыққан науқастарға салмаймыз. Онкологиялық ауруы бар науқастарға салынбайды.
Халықты ойын-сауық орталығында вакциналау қауіпті емес екеніне денсаулық сақтау министрлігі сенімді. Алайда министрліктің мұндай пайымын медицина саласындағы ғалымдар қолдамайды. Олардың айтуынша, екпені емдеу мекемелерінде салу керек. Әйтпесе санитарлық нормаларды сақтамау, заңды бұзу болып саналады.
Қайырғали Көнеев, медицина ғылымдарының кандидаты:
- Мейлі, миллион адамға екпе салсын, бірақ, сол миллионның ішінде бір адамда анафилактикалық шок болса қайтеді? «Меганың» аумағы үлкен, ана басынан мына басына жеткенше, уақыт өткізіп алады емес пе? Егер әлгі адам 100 келі салмақта болса, оны жедел жәрдем көлігіне қалай тасиды? Шындап келгенде, біздің денсаулық сақтау жүйесіне салсақ, сауда орталықтарында егу қияли бастама, болмайтын нәрсе.
Иә, расымен де сауда, ойын-сауда орталығы маңынан жедел жәрдем қызметін байқамасақ та, бұған дейін елорданың қоғамдық денсаулық басқармасы 103-тің ақ халаттылары кезектесіп жұмыс істейтінін айтқан.
Ковидке қарсы егу бизнес нысандарымен қатар, емханаларда да жүргізіліп жатыр.
«Спутник V» вапкцинасының бірінші компонентін емдеу орнында алсаңыз, екіншісін де сол жерде алуыңыз керек. Ал сауда, ойын-сауық орталығында алғандарға екіншісін қайда салдыратыны туралы смс-хабарлама келеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!