Шошқа фермасының жұмысшылары далада қалмайтын болды – Ақтөбе облысы
Ақтөбе облысындағы атышулы шошқа фермасының жұмысшылары далада қалмайтын болды. Қожалықтың жабылуына қарсы шығып ереуіл ұйымдастырмақ болғандарды шенеуніктер осылай сабырға шақырды.
Автор: Жаңалық Ахаш
13.04.2021
Талпақ танау өсіретін фермада 400-ден аса адам еңбек еткенімен, кәсіпкер олардың жартысынан көбімен келісімшартқа отырмаған. Тек 152 жұмысшының ғана қолында құжаты бар. Қалғаны ауызша келісім арқылы жұмыс істепті. Ферма қызметі толық тоқтаған күннің өзінде тек келісімшарт жасаған жұмысшылар ғана заң аясында әлеуметтік қолдауға ие болады. Дегенмен шенеуніктер шошқа фермасындағы барлық азаматты жұмыспен қамтимыз деп отыр. Талпақ танау өсіретін қожалыққа аймақтағы бес ауданнан адамдар қатынап еңбек еткен. Сондықтан сол аудандардың жұмыспен қамту орталығына тапсырма берілді. Жалғыз Алға ауданының өзі 174 бос жұмыс орнын ұсынып отыр. Қазір тергеуде жүрген кәсіпкер қарамағындағылардың мәселесіне бас қатырып жүрмеген сияқты. Жұмысышылардың жайын айтып әзірге ешбір органға хабар түсірмеген.
Бұлбұл Елеусінова, Ақтөбе облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы:
- Кез келген жұмыс беруші өзінің өнеркәсібінің немесе шаруашылығының қызметінің тоқтатылатындығы жөнінде жұмыспен қамту органдарына хабарлама беруі керек. Бүгінгі күнге «Парижская комуна 21» ЖШС-нен бұндай хабарлама келіп түскен жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!