Шымкентте кәсіпкер жұмысшылардың зауытқа кіретін жолын бітеп тастаған
Шымкентте 100 шақты азамат жұмыс орнына кірейін десе, есік таппай жүр. Бұрынғы қалбыр шығаратын зауыт 10 жылдан астам уақыт бұрын әкімдіктің қарамағына өткізілген. Ал жергілікті билік алып кәсіпорын аумағын жеке кәсіпкерлерге жалға берген.
Автор: Бек Әбиев
13.04.2021
Сол кәсіпорынның кіреберісін жолымен бірге жалға алған кәсіпкер көрші цех жұмысшыларының кіріп-шыққанын жақтырмай, жолға бетон құйып, темірден қақпа қойып тастаған. Ал жұмысына жете алмай қалғандар енді қақпаны айналып жүр.
Бұл кезінде қалбыр шығарған зауыт болған. Он жылдан астам уақыт бұрын жабылып, әкімдік есебіне өткен. Оны цехтарға бөліп берген билік зауыт аумағына кіретін жер телімі мен жалғыз жолды бір кәсіпкерге бере салыпты. Өз аумағынан өтіп жүргендерге бірнеше жыл шыдаммен қараған жалға алушы демалыс күндері адам мен көлік жүретін жалғыз жолға бетон құйып, үлкен қақпаны дәнекерлеп тастапты.
- Бәрін бітеп үлгерді. Бізбен келіспеді. Бір ауыз сөз айтпады. Қақпаны алды да, дәнекерлеп тастады. Тіпті есік те қалдырмады. Есігі болғанда жаяу жүріп баратын едік.
Жұмысшылар ішке кіре алмай жүрген кезде цехтардың бірінен өрт шықты. Қымбат саймандарымыз өртеніп кетеді деп дегбірі қашқан жұрт өрт сөндірушілерді шақырды. Бірақ олар да көлігін қаңтарып қойып, өздері қоршауға сатымен өрмелеп әуреге түсті. Абырой болғанда тілсіз жау тез сөндірілді.
Гүлістан Лашынбаева, жеке кәсіпкер:
- Аман қалыпты, қоқыс өртеп жатқан көрінеді көктем шыққан соң. Егер өндірістік жарақат болса, жедел жәрдем қалай кіреді? Жедел жәрдем келе алмайды бұл жерге. Өнімдерді шығара алмай жатырмыз. Кешеде тоқтап тұрмыз. Айыпақы! Егер бүгін шығармайтын болсақ, үстіне жаңағыдай айыппұл төлейміз біз.
Ал зауыттың кіреберісіне тосқауыл қойған кәсіпкер жерді жалға алған жоқпын дейді. Қалдархан Дәуренбеков бұл телімді аукционнан сатып алып, әйелінің атына тіркеп қойған. Сондықтан өзіме тиесілі жерде бөтен біреулердің жүруіне қарсымын дейді.
Қалдархан Дәуренбеков, кәсіпкер:
- Ол өзімнің сатып алған жерім. Өте алмай ма, ол өздерінің проблемасы. Егер олардікі заңды болса, сотқа берсе болды. Сот шешіп береді, сот солардың пайдасына шешсе бітті, жол ашылады.
Бұл жердің аукционмен сатылғаны әлде жалға берілгені әзірге белгісіз. Өйткені Шымкент қаласының әкімдігі бұл туралы ләм-мим дей алмай отыр. Сондықтан диірменшілер, темір мен медициналық бұйым шығаратын 100 шақты жұмысшы жолын жапқан азаматты сотқа береді. Бірақ нақты шешім шыққанша, қақпаның алдын күзетуден басқа амал жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!