Ковид-19 соңғы тәулікте 24 адамның өмірін жалмады
Елімізде мектептер қайта індет ошағына айналып жатыр. Қауіпті деңгейде тұрған өңірлерде коронавирус балалар мен білім саласының өкілдері арасында да белең алуда.
Автор: Салтанат Шырынхан
13.04.2021
Мәселен, Маңғыстау облысында екі мұғалім және мектеп директорынан COVID-19 анықталып, үш оқу ордасы карантинге жабылды. Соның салдарынан 4 жарым мыңнан аса оқушы қайта онлайн форматқа көшті.
Клара Құлатаева, Маңғыстау облысы білім басқармасының бөлім басшысы:
- Үш мектеп карантинге жабылды. Ақтау қаласындағы ІТ-лицей, №7 мектеп-лицейі және Маңғыстау ауданындағы Берекет Жұмалиев атындағы орта мектеп. Облыстағы 29 сынып қазір карантинге жабылды. Ол балалар бәрі уақытша қашықтықтан оқып отыр. Карантин ашылғаннан кейін мектепке қайта оралады.
Аталған өңірде жыл басынан бері 144 оқушы мен 20 ұстаз коронавирус жұқтырған.
«Қызыл» аймақта тұрған Қарағанды облысында да жағдай осы тектес. Мұнда да қауіпті деңгейге көшкелі 16 білім ошағы мен 125 сыныпты карантинге жауып, жұмыстарын тоқтатқан.
Ковид-19 соңғы тәулікте 24 адамның өмірін жалмады. Оның 11-і ауру өршіп тұрған Алматы қаласының тұрғындары. Бір күнде тағы 2016 отандасымыз қауіпті індеттің құрығына ілігіп, 10 адамның сынамасы қос өкпесінің қабынғанын көрсетіпті. Әсіресе 2 қала мен 6 өңірде жағдай алаңдатарлық. Ол: «қызыл» аймақтағы Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары, Атырау, Ақтөбе, Ақмола, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Алматы облыстары.
Шымкент қаласы, Жамбыл, Қызылорда, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау облыстары «сары» жолақта.
Алты құрлыққа ауыз салған ковидті елімізде жұқтырғандардың жалпы саны 274 мыңға таяды. Оның 236 мыңға жуығы вирустан емделіп шықса, 3260-ы ажал құшты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!