Опырылған балкон көліктің талқанын шығарды – Көкшетау
Көкшетауда бес қабатты үйдің балконы опырылып түсті. Бетон қабырға гүрс етіп жерге түскенде маңайда ешкім болмапты. Тек дәл сол жерде тұрған бір автокөлік жапырылып, тағы екеуінің әйнегі шағылған.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
14.04.2021
Оқыс оқиға түс ауа болған. Пәтер иесі 79 жастағы әжей сол уақытта үйде болмапты. Жоғарыдан опырылып кеткен бетон қабырға мен балкон қоршауы сол жерде тұрған көліктің дәл үстіне түсіп, жапырайтып тастаған. Апат орнына жедел жеткен құтқарушылар шашылған кірпіш пен бетонды жинап тастады. Бірақ қауіптің беті қайтқан жоқ. Себебі, 40 жыл бұрын салынған үйдің шатыры шұрық-тесік. Соңғы жылдары су өтіп, кірпіші үгітіле бастаған соң, тұрғындар әкімдікке барып көмек сұраған. Шенеуніктер бірнеше рет келіп қарағанымен, еш шара қолданбапты. Сондықтан жанын шүберекке түйген тұрғындар енді қабырғалары құлап кете ме деп қорқып отыр.
Алевтина Коновалова, Көкшетау қаласының тұрғыны:
- Қабырғасы құлап кететін шығар деп ойлағам. Қазір басқа бөлмеде ұйықтап жүрмін. Төбеден кірпіш құлап жатыр деп талай әкімдікке бардық. Көршілер бірнеше рет барып айтты. Тым болмаса жоғарыдан түскен кірпіштерді жинаған жоқ. Бұл үйде енді қалай тұрамыз?
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!