Түркістандағы Шарбұлақ ауылы жекешеленіп кеткен
Түркістанда тұтас ауыл жекешеленіп кетті. Қазығұрт ауданына қарасты Шарбұлақ ауылында әкімдікке қарасты жер телімдері кәсіпкерлерге бөлініп кеткен. Ауыл ішін сатқан әкім-қаралар енді мал жайылатын жерлерді гектарлап сатып жатыр дейді тұрғындар.
Автор: Бек Әбиев
14.04.2021
«Кезінде үлгілі ауылды бас-аяғы 20 жылда бизнеске үлестіріп түк қалдырған жоқ» деген шарбұлақтықтар жекеге кеткен жерлерді прокурорлар мен жемқорлыққа қарсы құзырлы орындар түгел тексерсін деп талап қойды.
Шарбұлақ ауылы кезінде Қазығұрт ауданындағы үлгілі ауыл болған. Талай спорт шеберлері мен еңбек ерлері шыққан мекен соңғы 15-20 жылда құлдырап кетіпті. Себебі, ауылдық клуб пен спорт үйірмелері жекеменшікке өтіп, ақыры жабылып тынған. Енді егде менен жас көше кезіп, ішімдікке құмартып барады дейді ауыл ақсақалдары.
Шәкір Нұржігіт, Қазығұрт ауданының тұрғыны:
- Бұл жерден күндіз-түні жастар шықпайтын, спортпен шұғылданатын. Қазір бұлардың барлығы жекешеленіп кетті. Жастардың спортпен шұғылданатын еш мүмкіндігі жоқ. Әзір қай жер болса, сонда қаңғып жүр. Бұзақылық, арақ ішу, карта ойнау. Баратын жер жоқ. Айналысатын нәрсе жоқ.
Басқаны былай қойғанда, қазір Шарбұлақта мал жаятын жерде қалмаған. Халық саны көбейіп жатыр деген желеумен атқамінерлер жайылымдарды сатып жатыр екен. Бірақ, ауылда алды 25 жылдан бері жер кезегінде тұрған бірде-бір тұрғынға тегін телім бұйырмапты.
Қалжан Елшібаев, Қазығұрт ауданының тұрғыны:
- Ана жақта көріп тұрсыздар, гектарлап алынған жерлдер, әкімдікте туыстары бар, жер бөліміне қатысы бар адамдар, сол жер бөлімінде істейтіндер гектарлап жер алып жатыр. Бізге жер жоқ. Қарапайым адамға жер жоқ. Ауылда неше адам кезекте тұр. Олар барса, «жер жоқ» дейді. Ақшасы бар адамға жер табылады.
Үй салуға ұлтарақтай жер сұрап жүрген Шарбұлақ ауылының тұрғындары енді жайылым жерінен де айрылып жатыр. Себебі, қой мен жылқысын жайып жүрген жер аяқасты мақсаты өзгеріп, үй салуға арналған учаскелер болып шыға келіпті. Мұны жұрт бүгін біліп отыр. Ал, бұл жерде кәсіпкерлік қора-қопсылар тұр. Бірақ олардың қаншалықты заңды немесе заңсыз екенін аудандық шенеуніктер де айта алмайды.
Шарбұлақ тұрғындары шулап жатыр деген соң аудан басшыларына дейін жетіп келді. Ондаған гектар жайылым жердің мақсатын өзгертіп, жер учаскелеріне бөліп жатқанымыз рас дейді. Тіпті сол телімдердің ауыл тұрғындарының бірде-біреуіне бүгінге дейін тегін берілмегенін мойындап отыр.
Тайбек Қалымбетов, Қазығұрт ауданы әкімінің орынбасары:
- Рас, бес-алты бала-шағасы бары арыздарын жазсын. Комиссияда қараймыз, егер инфрақұрылымы сәйкес келсе, жер береміз. Кезекшілік жоқ.
- Инфрақұрылым дейсіз, ал ол сәйкес пе?
- Ауыл ішінде болатын болса, электрі мен суы жақын болса, беруге болады.
- Ондай жер бар ма?
- Комиссияда қараймыз.
- Бар ма?
- Ішінара табылады.
- Қанша учаске табылады?
- Мен оны қазір айта алмаймын.
Шенеуніктер жайылым жердің мақсатын өзгеріп тұрғын үй салуға деп бөлгенімен, инфрақұрылымның нақты қашан жүретінін айта алмайды. Ал түгел жекешеленіп кеткен Шарбұлақ ауылындағы сатылымдарды тексерсе, талай былық ашылатынына сенімді тұрғындар прокуратура мен облыс әкіміне дейін арызды қарша боратпақшы.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!