Атырауда тұрғындардың қаражатына салған балалар алаңын бұзғалы жатыр
Атырауда тұрғындардың өз қаражатына салынған балалар алаңы бұзылуы мүмкін. Гаухартас ықшам ауданындағы жалғыз ойын алаңы сүріліп, орнына көпқабатты тұрғын үй салу жоспарланып отыр.
Автор: Тәуірбек Бозекенов
14.04.2021
Бұған осы маңдағы жұрт жаппай қарсы шықты. Өйткені балалардың алданышы болған алаңқайды 150 отбасы бірігіп өз ақшасына салдырған. Гаухартас ықшамауданының тұрғындарына белгісіз біреулер келіп, ойын алаңын ойран қыламыз деп доқ көрсетіпті. Өздерін осы жердің иесіміз деп таныстырғандар тұрғын үй салатынын да айтқан. Осыдан кейін тұрғындар жанұшыра әкімдікке жүгірген. Расымен де бұл балалар алаңқайы әлдеқашан жекеменшікке өтіп кеткен екен. Ата-аналар енді балаларымыз қайда барып ойнайды деп дал.
Саржан Қыстаубаева, Атырау қаласының тұрғыны:
- Көріп отырсыз, қанша бала! Бәрі осы жердің балалары. Сарықамыстың балалары да бар. Балаларға ойнайтын жер жоқ. Не болса да балалар көз алдымызда ойнасын деген мақсатпен, бұл жерге үйді салдыруға қарсылық білдіреміз.
Гүлназ Бақытқали, Атырау қаласының тұрғыны:
- Бұл жерде біз көп ойнаймыз! Көп уақыт осында өтеді. Үй салса, бізге ойнайтын жер қалмайды. Бұл жерге үй салынуына қарсымыз.
Үйлерге жұрт 2006 жылы көшіп келе бастаған. Құжат бойынша ойын алаңы да қоса берілген. Бірақ балаларға керек жарақтың барлығын тұрғындардың өзі қолдан жасапты. Тіпті сапасыз салынған үйлердің де кем-кетігін өзіміз жамадық деп отыр.
Айнұр Сәрсенова, Атырау қаласының тұрғыны:
- Ештеңе де орындалған жоқ! Жоба жайына қалды. Жобамен ешқандай жұмыс істелген жоқ. Мына үйлерді өзіміз әрең жасап алдық. Көлік тұрағын да, спорттық кешенді де алып қойды. Сусорғыш салынған жоқ. Өзіміз істеп алдық. Асфальтті де өзіміз салдырдық.
Жергілікілікті билік балалар ойын алаңының нақты кімнің меншігіне өтіп кеткенін айта алмады. Сондықтан құрылысқа қарсы болса, сотқа шағымдансын деп қол қусырып отыр.
Ерлан Қабдинов, Атырау қаласы сәулет және қала құрылыс бөлімінің басшысы:
- Бұл жер қалайша жекеменшікке өтіп кетенін анықтау керек. Әзірге үй салатындар бізге ешқандай да жоспарын көрсетпеді. Сондықтан олар бірден үй сала алмайды. Егер дәл қазір тұрғындар жабылып «қарсымыз» деп арыз жазса, сот арқылы бұл жерді қайта мемлекет меншігіне қайтарып беруге көмектесе аламыз.
Жиналған жұрт ойын алаңын бір түнде келіп ойрандап кете ме деп қорқады. Сондықтан кәсіпкердің көзі түскен жерді сақтап қалу үшін сотқа арызданбақшы. Тіпті мәселе оң шешілмесе, облыс әкіміне баруға бекініп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!