Бензин бағасының күрт өсуіне не себеп?
«Үкімет жанармай нарығындағыларды шұғыл тексеру керек, өйткені бензин бағасының күрт өсуіне еш маңызды себеп жоқ» деген депутаттар осындай талап қойып отыр. Ал Энергетика министрлігінің қырық сылтауына мәжілісмендер қанағаттанған жоқ.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
14.04.2021
Альберт Рау, Мәжіліс депутаты:
- Министрлік бұл жолғы қымбаттауды Атырау мұнай өңдеу зауытының апатты жағдайда тоқтауымен байланыстырады. Өндірісте ақаулар болып тұратыны түсінікті, бірақ біздің ойымызша, бұдан автокөлік иелері зардап шекпеуі керек. Бензиннің қымбаттауы түптеп келгенде тарифтерге, тауарлар мен қызмет бағасына әсер етеді. Соның кесірінен тағы да қарапайым тұтынушылар зардап шегеді.
Жанармай құю бекеттеріндегі дүрбелең сәуір айының алғашқы аптасында-ақ басталды. Жұрт жиі тұтынатын АИ-92 маркалы бензиннің бағасы сол кезде бірден 10 теңгеге қымбаттады. Ал жыл басынан бері жанармай литрі бақандай 20-30 теңгеге өскен.
Алматыда ол 150 теңгеден 168 теңгеге, Нұр-Сұлтанда - 170 теңгеге дейін көтерілсе, мұнайлы өлке Атырауда жанармай бағасы 200 теңгеге бір-ақ шыққан. Депутаттың пікірінше, мың құбылған нарықтағы бағаны тез арада реттеу керек. Егер бұл мәселеде энергетика министрлігі құлықсыз болса, шаруаны табиғи монополияларды реттеу агенттігі дөңгелетсін дейді Альберт Рау.
Альберт Рау, Мәжіліс депутаты:
- Энергетика министрлігі «жанар-жағармай материалдарының құнын көтеруге департамент жауапты емес» деген хабарлама таратты. Бір сөзбен айтқанда, тиісті ведомствоның бұл біртүрлі позициясы айқын стратегия мен бағаның өсуін тежейтін шаралардың жоқтығын көрсетеді. Үкімет жанармай нарығындағы жағдайды тұрақтандыру бойынша шұғыл шаралар қабылдап, бензин бағасын реттеудің тиімді тетіктерін әзірлеуі және енгізуі керек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!