Репортаж: Алматыда вакциналаудың қарқыны қалай?
Ерікті түрде екпе қабылдауға келетіндер көбейген. Вакцинаның жетінші траншын қабылдаған Алматы 200-ден астам пунктте халықты егуге қызу кірісті. Індет жұқтыру көрсеткішінде алда тұрған қаланың кемі 900 мың тұрғыны вакцина алғандағана иммунитет пайда болады.
Автор: Асқарбек Қазанғап
14.04.2021
Елде екпе салдырудың қарқыны екпінді. Бір ғана Алматының өзінде ақпаннан бері 90 мыңға жуық азамат вакцина алған. Аурухана, ойын-сауық орталықтары, мектептерден бөлек, енді өнер ордалары да екпе жұмысына жұмылдырылып жатыр.
Алматыдағы Әбілхан Қастеев атындағы атақты өнер мұражайы кешеден бері вакцина салдыруға ниет білдіргендерді қабылдауда. Әр жәдігерінде тарих тұнған мұражай табалдырығын аттағанда екпе салдыруға келгенін естен шығып кетуі де мүмкін. Бұл жолы сізді гид емес, дәрігер күтіп алып, вакцинаның қыр-сыры, салғаннан кейінгі салдарын тәптіштеп түсіндіреді. Ал екпені қабылдаған соң екінші қабаттағы залда жарты сағат бақылауда боласыз.
Тоғжан Әбілдаева, Алматы қаласы № 12 емханасы бас дәрігерінің міндетін атқарушы:
- Қазір үш бригада істеп жатыр. Ішінде дәрігерлер, медбикелер және волонтерлар тартылған. Бәрін де қабылдап жатырмыз. Сағат таңғы сегізден кешкі сегізге дейін ашық. Біз кешеден бері жұмыс істеп жатырмыз. Шамамен 100 адамға вакцина салдық.
Соңғы сайлаудан кейін енді жүктеме жоқ шығар деген мектептерге қайтадан жауап жүктелді. Алматыдағы білім ордаларының бірқатары уақытша вакциналау орталығына айналған. Дәрігерлер дүрлікпей, тұрғындарды дұрыс ақпаратқа құлақ түруге шақырады. Екпеден кейін кейбірінде дене қызуы көтерілсе, одан қорқудың қажеті жоқ дейді.
Айжан Қазанғап, Алматы қаласы № 29 емхананың дәрігері:
- Кішкене дене қызуы көтерілуі мүмкін, онда парацетамол ішіңіз деп нақты жауап береміз. Кішкене іседі. Оған ешнәрсе жақпаймыз, үш күн аралығында толық кетеді деп, аллергиялық реакцияны да түсіндіріп береміз.
Екпе салдыруға электронды кезекке тұрып, кез келген жерді таңдай аласыз. Вакцинациялау орталығы аптаның жеті күнінде таңғы сегіз бен кешкі сегіз аралығында жұмыс істейді.
Алматыда 200-ден астам екпе салатын пункт бар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!