Отандық QazVac вакцинасының алғашқы 50 мың дозасы дайын
Отандық QazVac вакцинасының алғашқы 50 мың дозасы дайын. Отандық өнімді клиникалық зерттеудің аралық нәтижесін баяндаған мамандар осылай деп отыр.
Автор: Мақсат Мәлік
14.04.2021
Қазір биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтында сақталған вакциналар жақын күндері «СҚ-Фармация» қоймаларына жеткізіледі.
Күнсұлу Закария, ҚР БҒМ Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының директоры:
- Біздің вакцинамыз екі қайтара егіледі. Бірінші және ревакцинация 21-ші күні. Бұл вакцина 50 мың доза институттың ішінде дайын тұр. Дайындалған, флаконның ішінде толық дайын. Барлығы билологиялық бақылау, зерттеулерден өтіп отыр. 25-27 сәуір аралығында бұл вакцина «СҚ-Фармация» қоймаларына жеткізеледі.
Мамандардың айтуынша, бұдан бөлек 3 мың еріктіге жасалған үшінші кезеңдегі клиникалық зерттеулердің 50 пайызы ертең аяқталады. Жауапты ведомства өкілдері түпкілікті нәтиже күтуге шыдам таныту керек дейді. Өйткені үшінші кезеңге 70 күн уақыт кетеді. Алайда QazVac-тың тиімділігі жөніндегі байламмен клиникалық сынақтың нәтижесі беделді халықаралық журналдарда жарияланған соң ғана танысуға мүмкіндік туады.
Әрине, отандық вакцинаның шапағатын көретін күн жақындаған сайын көпшілікті сан сұрақ мазалай бастағаны ақиқат. Бірақ QazVac вакцинасында антидене қанша кезеңге дейін жететінін ешкім айта алмады. Оған клиникалық зерттеудің үшінші фазасының аяқталуын күту керек.
«Отандық вакцина неге Түркияда құтыға құйылады?» деген сауалға жауап берген мамандар: «Қазақстанда ірі көлемде вакцина құятын орын жоқ» деп, қысқа қайырды. Десе де мәселе нақты шешілмеген көрінеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!