{metadescription}
Ashyq коронавирус екпесін алғандардың мәліметін көрсетпейді, өйткені...
Ashyq коронавирус екпесін алғандардың мәліметін көрсетпейді, өйткені...

Ashyq коронавирус екпесін алғандардың мәліметін көрсетпейді, өйткені...

Қазақстанның бизнес нарығын жаулап жатқан Ashyq мобильді қосымшасы коронавирусқа қарсы екпе алғандардың мәліметін көрсетпейді. Өйткені вакцина салдырғандар індетті қайта жұқтыруы мүмкін. Бір жағынан, мамандар денсаулық сақтау министрлігі тарапынан ешқандай ұсыныс болмады деп отыр.

Әзірге жоба ПТР-тест нәтижесімен ғана жұмыс істейді. Жалпы қосымша енгізілгелі 400-ге жуық коронавируспен ауырған қазақстандық бизнес нысандарға жіберілмеген. Негізінен «қызыл» мәртебені иеленгендер әрі-бері ойын-сауық құрса, айыппұл арқалайтынын еске салайық.

Елорданың «қызыл» аймақта болуы кинотеатрлардың жұмысын тұралатты. Бір ай бұрын жабылған мына кинотеатр осы сенбіде көрермендерге есігін қайта ашуға дайындалып жатыр. Оның өзінде кинозалдың іші адамдарға толы болмауы тиіс.

Бұл зал 172 орындық. Жаңа ереже бойынша, «жасыл», «сары» немесе «қызыл» аймақта болғанына қарай көрермен залы қанша адамға толатыны белгілі болады.

Бір жылдай пандемияның зардабын тартқан кинотеатрлар желісі естеріңізде болса, былтыр желтоқсанда ашылып, үш айдай ғана жұмыс істеді. Құрдымға кетудің сәл-ақ алдында тұрған бизнес нысандар баяғы күйді кешпес үшін бұл жолы қуана-қуана «Ашықты» қолдануға келісім беріпті. Қауіп көп болса да, тәуекелге бел буып отыр. Тіпті кинотеатрға «қызыл» мәртебемен келгендерді тиісті органдарға ұстап беруге дайын.

Дмитрий Кириенко, кинотеатрлар желісі директорының орынбасары:

Біз тиісті медициналық органдарға «қызыл» мәртебедегі адамдарды айтуға, олар туралы ақпарат беруге міндеттіміз. Бірақ тәжірибе жүзінде бұның барлығы қалай боларын білмейміз. Менің айтарым, әр адам үйінен шығарда қосымша арқылы өзінің мәртебесін қарап алғаны дұрыс. Бір жағынан бұл жерде қауіпсіздік мәселесі де бар.

«Ашық» қосымшасын ойлап тапқандардың да көксегені де – коронавирус жұқтыру қаупін азайту. Локдаунда қамалып шектеуде шектеліп отырғаннан пайда көрмеген кәсіпкерлер жобаны қолдағанымен, қоғам қарсы болып жатқан көрінеді. Себебі, қосымшадағы мәлімет базасы алдап, шынайы дерек көрсетпеуі мүмкін. Алайда мамандар оны теріске шығарды.

Сәдуақас Байғабылов, Алматы қаласы санитария-эпидемиология  бақылау департаменті басшысының орынбасары:

- Короноварус жұқтырған немесе ауруға шалдыққандармен байланыста болған, карантинге оқшауланғандардың базасы әрдайым жаңартылып отырады. Мәселен, бұрын «қызыл» мәртебе болған адам, емделіп, кейін ПТР- тест тапсырған соң, нәтижесі теріс болса, оның мәртебесі қосымшада 72 сағат бойы жасыл болып тұрады. Ал «сарыларды» жүйе 14 күннен кейін жаңартады. Одан кейін анализдерге қарай түсі ауыса береді.

«Ашықпен» қазір елдегі 437 нысанның есігі ашық. Ол: фитнес, спа-салон, бассейн, қоғамдық тамақтану орындары, кинотеатрлар, боулинг клубтар және тағы басқалары. 175 мың қазақстандық телефонына жүктеп алыпты. Нәтижесінде 347 адамда «қызыл» жанған. Бес алматылық айыппұл арқаласа, елдің бас қаласында әлі ешкім жазаға тартылмапты.

Бір қызығы, халық қазір жаппай вакцина алып жатыр. Екпе салдырғандар туралы дерек жобаға әлі енгізілмейді.

Қуанышбек Мұқаш, Нұр-Сұлтан қаласы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары:

- Біз қазір екпе алғандардан гөрі, ПТР-тест нәтижесіне көбірек сенеміз.  Барлық медицина қызметкерлері  вакцина салдырғандар індетті қайта жұқтырады деп айтып жатыр. «Ашықтың» аясын кеңейту туралы сөз қозғалуда. Айтарым, вакцина салдырғаны жөнінде паспорт алғаннан кейін ғана адамдардың мәліметін енгізу мүмкіндігін қарастырамыз.

Фитнес, спа-салон, бассейн, қоғамдық тамақтану орындарына бара қалсаңыз, алдыңызда қабырғада QR-код тұрады. Телефоныңыздағы мобильді қосымшаны ашып, QR-кодқа тақағанда, ковидтің кез келген формасын анықтайтын төрт түс жанады.

«Жасыл» түс  келуші деректер базасында COVID-19-ға теріс нәтижемен ПТР-тестілеуден өткенін, «көк» ПТР-тестілеу нәтижесі жоқ, COVID-19 жұқтырушымен байланыспағанын, «сары» мәртебе деректер базасында коронавируспен ауырған адаммен байланыста болғанын, «қызыл» түс жанса, COVID-19 бойынша оң нәтижемен тіркелгенін білдіреді.

Еліміздің бас санитар дәрігерінің жаңа қаулысына сәйкес, 14-сәуірден бастап кинотеатрлар,  театрлар мен филармониялар, банкет залдары, асхана, фастфуд, стрит-фуд сияқты орындарды есепке алмағанда, қоғамдық тамақтану нысандарына жұмыс істеуге рұқсат берілді. Арасы бір-бір аптадан салып, «Ашықпен» ашылатын бизнес нысандарының қатары көбейеді.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде