«Нұрлы жер»: Елордада сиқы кеткен баспаға кіруден бас тартып жатыр
Елордада «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасымен салынып жатқан баспаналардан дау шықты. Құрылысы бітіп тұрған үйлердің ішкі әрлеу жұмысы ғана қалған. Бірақ ұсақ-түйек жұмысы былтыр желтоқсаннан бері тоқтап қалған.
Автор: Ербол Тұрымбет
15.04.2021
Ал иелері келесі айдан бастап ипотекалық несиесін төлей бастайды. Ақшасын босқа төлегісі келмеген жұрттың кейбірі пәтерден бас тартуды ойластыра бастады.
Жылдап күткен пәтеріне әне-міне кіреміз деп сенген жұрт жапа-тармағай құжаттарын реттеуге кіріскен. Бүгінде біразының үй құжаты халыққа қызмет көрсету орталығында жатыр. Біразының пәтері салынып бітпеген күйде қазір кепілге қойылған. Банк оларға алдағы мамырдан бастап ипотекалық несиесін төлейтінін ескертіпті.
Айгүл Ардагер, пәтер иесі:
- Ай сайын 74 мың теңге беруім керек, 14 жыл бойы. Бірақ кілтті әлі қолға берген жоқ. Кілтті 1-мамырда қолымызға беретін шығар деген оймен үйімізді келіп қарасақ, үйдің іші адам тұрғысыз. Өздеріңіз көресіздер, есігі жабылмайды, қисық салынған. Ас үйде су аққан, топан су. Кәдімгідей көрініп тұр.
Сонау желтоқсанда құрылысы тоқтаған үйдің күйі қашып бара жатыр. Пәтер иелері видео түсіріп алған. Айтуларынша, үй ішінің ластығын, құрылыстың салақтығын айтып тауысу мүмкін емес. Салынып тітпей жатып қабырғалары сыз тартқан, балкондары толық жасалмаған, есіктері қисық, плинтустары сынып қалған, кей пәтерлерде тіпті жоқ. Оларды былай қойып, енді кей мүліктері ұрлана бастаған.
Баян Дүйсенбекқызы, пәтер иесі:
- Қыста келіп көрген кезде пәтерімізде жуынатын душ тұрған. Алдыңғы күні көрсек, ол жоқ. Ұрлап кеткен дейді. Кім ұрлайды? Демек бұл үйді бізге дұрыстап жөндеуі тиіс. Ақшасын төлейтін болғаннан кейін әкімдік халықты алдамай, тегін беріліп жатқан үй емес, өз қалтамыздан ақша төлеп, жинап алып жатқан үй болғаннан кейін адамдар тұра алатындай үй беру керек.
Бұл жолы да жағдайды көріп кетуге келген тұрғындарды ешкім жылы шыраймен қарсы алған жоқ. Құрылыс компаниясының өкілдері салған жерден ұрысқа кіріссе, күзетшілер есікті тарс жапты.
Жұрттың жанайқайын сырттай бақылап сол маңда айналшықтап жүрген кісі – осы үйді салып жатқан «Тимур құрылыс» компаниясының басшысы Бекзат Саматұлы. Бірақ басын даудан арашалау үшін өтіріктің ең қарапайым тәсіліне басты.
- Компания өкілі сіз бе?
- Жоқ, мен емеспін. Оны қайдан алдыңыз? Сізбен танысқан жоқпын.
Бұл компанияның олқы қылығымен көзге түсіп тұрғаны бірінші рет емес. Тап осындай жағдайы төмен отбасыларға арнап салынған баспанасы сапасыз болып, ақпан айында да елді шулатып қойған. Шала-шарпы жасалған жұмыстың кесірінен жап-жаңа үйдің ішіне жұрт орналаспай жатып қирап жатқан. Сол әдетін әлі де тастамаған екен. Бұл үйден пәтер сатып алғандардың біразы енді ипотекалық несие рәсімдеуге банкке сол пәтерлерін кепілге қойып жатыр. Онсыз да аз табыспен пәтер жалдап жүргендердің мойнына енді ипотеканың несиесі де артылады. Ал 12 қабаттық үйлердің құрылысы толық қашан бітетіні белгісіз.
Мұндағы пәтер иелерінің әрқайсы бес-алты жыл пәтер кезегінде тұрып, шаршы метрін 220 мың теңгеден сатып алған. Соңғы тиынына дейін сарқып төлеген үйлерінің сиқы енді осындай алқам-салқам күйде. Пәтеріне кірмеген тұрғындар келесі айдан бастап не үшін ипотека төлейтінін де түсінбейді. Сондықтан кейбіреуі пәтерден бас тартып, салған ақшасын қайтарып алуға оқталып жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!