Қазақстанда небәрі 46 үйді қар суы басыпты
Көктем келгелі Қазақстанда бар-жоғы 46 үйді қар суы басыпты. Жобаға соқпайтын санды төтенше жағдайлар министрлігіндегілер айтып отыр. Жекелеген үй түгілі, тұтас елдімекендердің қызыл судан зардап шеккенін бұған дейін талай көрсетсек те, төтеншеліктердің тасқынға қатысты өлшемі мүлдем басқа.
Автор: Нұрқанат Омарұлы
15.04.2021
Олар тіпті алдағы үш жылда 217 елдімекенді су басу қаупінен толық құтқарамыз дейді. Ал қар суының астында қалған жекеменшік иелеріне қазір өтемақы төлеу мәселесі қарастырылуда. Бүгінде әлі де болса Қазақстан аумағының 10 пайыздай жерінде қар жатыр. Алдағы үш күн бойы күн райы жылынатынын ескерсек, тасқын қаупі сейілген жоқ. Бірақ Төтенше жағдайлар министрлігі тас-түйін дайынбыз деп отыр.
Жылда белгілі бір елдімекендердің су астында қалып жатқанын министрлік құрылыстың дұрыс жүргізілмеуімен байланыстырады. Яғни көптеген баспана көктемгі қар суының жолында бой көтерген. Оларды бұзу үшін әуелі иесінен сатып алу керек. Ал оған үкіметте қаржы қарастырылмаған.
Юрий Ильин, ҚР Төтенше жағлайлар министрі:
- Оның үстіне біздің құтқарушылар кейбір әкімдіктердің атқармаған шаруасымен айналысып жатады. Мысалы, арық жүйелерін, көпірлердің астын біздің мамандар тазартуға мәжбүр. Бірақ бұл шаруаны тындыратын, тендермен ақша алған арнайы ұйым бар емес пе? Осыған байланысты әкімдіктерге арнайы мәлімдеме жасап, жағдайды реттеуді талап етеміз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!