Карантин: Жұмыссыз қалатындар. Сұраныстағы мамандық. Екпе алғанның еңбегі
Эпидахуалға байланысты елдегі карантин тағы қатаңдатылса, 165 мың адам жұмыссыз қалады. Былтыр пандемияның салдарынан 500 мың қазақстандық табысынан айырылған еді.
Автор: Нұрқанат Омарұлы
15.04.2021
Қазір жұмыссыздық деңгейі 5 пайыз шамасында, 449 мың адам еңбекпен қамтылмаған. Еңбек нарығында сұраныс азайып немесе мүлдем қажеті болмай қалған мамандықтар да пандемия кезінде белгілі болып отыр.
Ержан Біржанов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі:
- Жойылып бара жатқан мамандықтар бойынша, мысалы, есепшілер бар, жалақыны санайтын мамандар жойылып бара жатқан мамандыққа жатады. Себебі, қазір технология енгізіліп жатыр. Бұл жұмыс орындары қысқартылып, барлығы автоматтандырылады. Сондықтан қазір қандай мамандық сұраныста, соған білім алып үйрету керек.
Егер қатаң карантин енгізілсе, 2 миллион 500 мың адам қашықтан жұмыс істеуге көшіріледі. Елдегі жұмысшы саны 8 миллион 700 мың адамды құрайды. Бүгінде еңбек нарығында денсаулық сақтау саласының және ІТ-мамандар тапшы. Оның үстіне жуық арада 239 жаңа сала пайда болады. Соған байланысты еңбек министрлігіне қосымша оқыту, қайта даярлау курстарын ұйымдастыруға бас қатыруға тура келеді.
Жалпы еліміздегі жұмыссыздар саны жарты миллионға жуықтаса, ең көбі 29-44 жас аралығындағы азаматтар. Ал олардың жартысынан астамы – әйелдер. Вакцинациядан кейін өзін жайсыз сезінгендерді жұмыстан босату бойынша еңбек министрлігі өз ұстанымын айтты.
Ержан Біржанов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі:
- Қазір вакциналау қарқын алды. Әрине, әр адамның ағзасы ерекше, екпенің әсері де әр түрлі. Екпеден соң барлығы жарты сағат көлемінде қадағалауда болады. Меніңше, егілгендерді бір күнге жаппай жұмыстан босату қисынға келмейді. Егер жағдайы тіптен нашарлап кетсе, емделуге жатсын.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!