Кәсіпкерлер тарихи Сұлтан Рабат қалашығын қиратып жатыр
Түркістан облысында кәсіпкерлер тарихи Сұлтан Рабат қалашығын қиратып жатыр. Арысы Қаңлы мәдениетін сақтаған, берісі орта ғасырлық қалашық болған қорым мемлекеттің қорғауында екен.
Автор: Бек Әбиев
16.04.2021
Осыған қарамастан Төлеби ауданында орналасқан көне қалашық пен ескі қорым құм мен топырақ алу үшін қазылуда. Кареьерге айналған қорым ішінде тіпті адам сүйектері шашылып жатыр. Ал мемлекет қорғауындағы тарихи-мәдени нысанды қазуға рұқсатты шенеуніктердің өзі берген. Күнгейдегі тарихқа жасалған қиянатты тілшіміз көріп келді.
Бұл жер VIII-XIV ғасыр арасындағы Сұлтан Рабат қалашығы. Ескерткіш мемлекет қорғауында. Бірақ ерекше қорғалуы тиіс тарихи мекен бір ғана кәсіпорынның – кірпіш шығаратын зауыттың шикізатына айналып кетті.
Тарихи археологиялық маңызы зор нысанды 10 жылдан астам қазып, құм мен топырақ алғандар кәдімгі карьерге айналдырып жіберген. Қалтасын ойлағандарды мемлекет қорғауындағы ескерткіш деген тақтайша мен шашылып жатқан ортағасырлық керамика түгілі, әр адым сайын шашылып жатқан адам сүйектері де селт еткізбепті.
Тәліпбай Өмірзақов, Төлеби ауданының тұрғыны:
- Мынау адамның сүйектері, жас адамдар, міне, қабырғасы шығып тұр. Топырағын алған да, көшіп-құлап, ашылып жатыр. Ата-бабамызды қорлауға қандай қақысы бар?! Ескі моланы, жаңа моланы бұзып, топырағынан кірпіш жасап, бизнес қылып жатыр.
Қорымды қазуды дереу доғарсын деген талапты тұрғындар 2008 жылдан бері айтып келе жатырмыз дейді. Әкімдіктегілер жыл сайын бір шешімін табуды айтып ақталуды әдет қылған. «Көне қалашықтан бұрын, ата-баба әруағы қор болды» дегендер қорымды карьерге айналдырған бизнесменге де қазуды тоқтату туралы бірнеше мәрте өтініш айтқан. Бірақ кәсіпкер «тірлігіме араласқанның көзін құртам» деп қоқаңдайды дейді.
Әли Жаппарәлі, Төлеби ауданының тұрғыны:
- Абдуллаев Исмаил Исақоғлы деген кісі, бұл жердің тұрғыны емес. Бұл жерде ата-бабамыздың сүйектері кетті, қазылып болды. «Қолыңнан ештеңе келмейді, өмір сүргің келе ме, қолда құжаттар, әкімнің рұқсаты бар, міне, шешім бар, қайда барсаң, онда бар» дейді.
Белгілі археолог Александр Подушкин кәсіпкерден бұрын археологиялық тарихи нысанды қазуға рұқсат берген әкім-қараларды жазғырып отыр. Экскаваторлар Сұлтан Рабаттағы орта ғасырлық тарихты жойып бітті деген ол, енді қазса, астындағы I ғасырға тиесілі ежелгі Қаңлы мәдениетін де құртатынын айтады.
Александр Подушкин, археолог:
- Бұл жер тұнып тұрған қазақтың тарихы. Көз жұмып отыра берсек, тарихымыздан айрылатынымызды түсіну керек. Әдетте ту қылып ұстайтын «Рухани жаңғыру» бағдарламасы дәл осындай жәдігерлерімізді сақтауға арналған еді ғой. Бірақ іске келгенде бұл бағдарлама жұмыс істемейтін болып тұр.
Археологтың айтуынша, Сұлтан Рабатта қазба жұмысын жүргізуге мүлдем рұқсат жоқ екені 90-жылы-ақ айтылып, құжаттандырылған. Бірақ жергілікті шенеуніктер тарихи нысан екенін «енді біліп отырмыз» дейді.
Сержан Дүйсебаев, Төлеби ауданы әкімінің орынбасары:
- Тарихты қорлау болғанда, енді білгеннен кейін, біз енді қаздырмаймыз бұл жерді.
- Уәде ме?
- Иә. Не істейсіздер, ары қарай сотқа бересіздер ме? Біз енді келісім-шартты бұзуға жұмыс жасаймыз.
Шенеуніктер тиісті құжатты мәдениет басқармасына жөнелтіпті. Ал тұрғындар атқамінерлердің сөзіне соңғы мәрте сеніп отырмыз дейді. Сондықтан уәденің орындалуы үшін құзырлы орындар карьерге айналған көне қалашықты назарға алса деп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!