Израиль тұрғындарына бетпердесіз жүруге рұқсат берді
Бетпердесіз жүруге рұқсат етілді. Израиль тұрғындары бұдан былай көшеге шыққанда бетперде тағуға міндетті емес. Елдің денсаулық сақтау министрлігі коронавирус жұқтырғандар қатары азайғандықтан, ашық аспан астында қорғаныш құралын қолдану қажет емес дейді.
Автор: Мақсат Мәлік
19.04.2021
Амитай Халлгартен, студент:
- Ұзақ уақыттан бері бетпердесіз көшеге шығу бір қарағанда ерсілеу көрінуі мүмкін. Бірақ өте жағымды көрініс деп айта аламын. Шыны керек, бетперде көптен бері өміріміздің ажырамас бөлігіне айналып кеткен болатын.
Жұрттың жаппай бетпердесін шешуіне вирусқа қарсы вакцинация жұмыстарының қарқынды жүргізілуі оң септігін тигізген. Өйткені Израильде азаматтардың 80 пайыздан астамы қажетті екі дозаны да салдырып үлгеріпті. Соның арқасында кесел жұқтырғандар азайған.
Қазақстанда 695 мың адам вакцинаның алғашқы компонентін алған. Бұл шамамен халықтың 3 пайызы ғана. Израильде жыл басында күнделікті 10 мыңға жуық адамнан індет анықталса, бұл тізім қазір 200 науқасқа дейін қысқарған. Оқушылар қайтадан мектептеріне орала бастады. Тіпті ковидке қарсы екпе алған шетелдік туристерді мамыр айынан бастап Израильге кіргізу жөнінде бағдарлама әзірленіп жатыр. Алайда ресми Тель-Авив сақтық шарасын басты назарда ұстайтынын айтады.
Биньямин Нетаньяху, Израиль премьер-министрі:
- Бетперде тағудан толық құтылғанымыз жоқ. Көшеде жүргенде міндетімізге енбесе де, ғимарат ішінде қорғаныш құралын тастамауымыз қажет. Сонымен қатар адам көп жиналатын шараларға барғанда, әдеттегідей бетперде тастамауға кеңес береміз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!