Қазақ әйеліне тән қасиеті бар актриса Ғазиза Әбдінәбиева өмірден озды
Қазақ өнерінде орны толмас қайғы. 73 жасына қараған шақта актриса Ғазиза Әбдінәбиева өмірден озды. 50 жылға жуық ғұмырын өнерге арнаған театр және кино саңлағы артына өшпес із қалдырды. Көптеген рөлді нақышына келтіріп сомдап, көрермен жадында нағыз қазақ әйеліне тән қасиетімен есте қалды.
Автор: Салтанат Шырынхан
19.04.2021
Ғазиза Әбдінәбиева «Тоғысқан тағдырлар» телехикаясы арқылы халыққа кеңінен таңылды. Ол қазақстандық тұңғыш сериалда Роза апайдың рөлін сомдады. Содан бері көркем фильмдерге түсіп, көптеген картиналарда шоқтығы биік бейнелерімен есте қалды.
Актрисаға «Нан» фильмінде Жамал, «Қауында» бас кейіпкердің зайыбы, «Біржан салда» Бүрме әже, «Қара шегіртке», «Сүйе білсең», «Детектив әже» телехикаяларында басты рөлдер бұйырған. Осылайша сахна саңлағының қазақ киносы мен қатар қазақ театрына да талай ерен еңбегі сінді. Өнер жолын Алматыдағы балалар мен жасөсірімдер театрынан бастаған Ғазиза Мәкешқызы 1993 жылы Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрында жалғастырады. Түрлі жанрды түрлендіре білген талантымен елге танылған актриса, әсіресе «Ана» бейнесін сомдаумен ерекшеленді. Шекспирдің «Ромео мен Джульеттасындағы» Сүт-ана, «Қош махаббатта» әже, «Сыған серенадасында» Боронесса сынды мінезді рөлдерді көрерменге ұсынды.
Жарқын жүзімен телеарналарда балаларға арналған көптеген бағдарламаны жүргізіп, кішкентайлардың досына айнала білген. Сахнаның хас шебері де қауіпті дерттің құрбаны болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көрнекті театр және кино актрисасының отбасы мен жақын туыстарына көңіл айтып, жеделхат жолдады.
Жалғас Толғанбай, М. Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театры директорының орынбасары:
- Ғазиза апайымыз орны ерекше, жаны жайсаң еді. Айналасына шуағын шашып, анамыз еді, әрі ұстазымыз еді. Бәрімізді бауырына басып, қанатының астына алып жүретін. Ол кісінің әрбір сомдаған рөлі ерекше, әрқайсысына жауапкершілікпен қарайтын. Әрқайсысы бір-бір төбе.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!