Ashyq жобасының ауқымы артты
Сәрсенбіден бастап Ashyq жобасына туристік сала өкілдері де қосылады. Одан соң концерттік залдар мен караокелер кіргізіледі. Қазір олардың іші қаншалықты толымды болатыны талқыланып жатыр. Ал карантин тәртібін сақтамайынша, коронавирусқа шалдыққандар осы нысандарға кірсе, оларға қомақты айыппұл салынады.
Автор: Ербол Тұрымбет
19.04.2021
Юлия Якупбаева, Атамекен ҰКП басқарма төрағасының орынбасары:
- 21-сәуірден бастап туристік сала осы жобаға қосылады. Олар 15 адамға дейін тасымалдай алатын саяхат ұйымдастыруға мүмкіндік алады. Концерттік залдарға келсек, олардың іші қаншалықты толтырылатыны әзір белгісіз. Шамамен сол 20 пайыз деңгейінде деп отырмыз. Ал мамырдың бесінен бастап караоке мен банкет залдары «Ашыққа» кіреді.
Ұлттық палата өкілдерінің айтуынша, қаңтарда басталған пилоттық жобаға әуелде фитнес-орталықтар, бассейндер, спа-орталықтар кірген еді. Өткен аптадан бері елорда мен Алматыда кинотеатрлар ашылды. Жалпы осы күні бүкіл елде 619 нысан «Ашық» жобасы аясында қонақ қабылдауға көшкен. Ал ковид-19 жұқтырғанына қарамай, осындай нысандарға кіріп жүрген жұрттың қатары көбейіп барады. Аталған жобаның статистикасы көрсетіп отыр. Айталық, өткен аптаның ішінде 213 адам анықталған. Ал жоба басталғалы бері карантин тәртібін бұзғандардың саны 560 адамға жетті.
Бұл кісілерге салынатын айыппұл көлемі де айтарлықтай. Тәртіп бұзу жағдайына қарай 14 мыңнан 87 мың теңгеге дейін барады.
Қазіргі мәлімет бойынша, «Ашық» қолданбасын елімізде 235 мың адам көшіріп алған. Ал жобаға елорда мен Алматы, Қарағанды, Ақтөбе, Тараз және Талдықорған қалаларының кәсіпкерлік нысандары қатысып жатыр. Сәуірдің 26-сынан бастап жоба бүкіл ел аумағына енгізіледі.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!