Ковид-19: Жағдай ушығып барады
Ақмола облысы «қызыл» аймақтан шықты. Қазір коронавирустың таралуы бойынша қауіптің ең жоғары деңгейінде 3 қала мен 4 облыс қалған. Соған қарамастан күніне індетпен тіркелетін науқас саны азаймай тұр.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы, Жаңалық Ахаш, Айзат Тұрғынбекқызы, Айман Нұрмағамбет
19.04.2021
Соңғы тәулікте кесел тағы 2700-ден аса адамнан анықталған.Қазір «сары» аймақта 8 өңір тұр. Ал «жасыл» деңгейде Қостанай мен Түркістан облыстары ғана қалған.
Ақмола облысы «қызылдан» «сары» деңгейге ойысқанымен, қуануға әлі ерте. Өйткені өңірдегі карантин шектеулері әзірге жеңілдетілмейтін болды. Бұған себеп, соңғы тәулікте коронавируспен тағы 100-ге тарта адамның тіркелуі. Оның үстіне жергілікті жұрт санитарлық талаптарға көз жұмып, ас беру мен той-томалақ өткізуді тоқтатар емес. Сондықтан «қызыл» аймақтан шықтық екен деп арқаны кеңге салуға болмайды дейді мамандар.
Серік Омарханов, Ақмола облысы санитария-эпидемиология бақылау департаменті басшысының орынбасары:
- Алдымыздағы екі апта бойы қатаң карандин шаралары сақталады. Жаппай жиын-тойларға қатаң тыйым салынады. Сонымен қатар демалыс күндері сауда орындарында адам көп жиналатын жерлерде жұмыс шектеледі.
Ақтөбе облысында жағдай күн өткен сайын ушығып барады. Кеше мұнда антирекорд орнаған. Себебі, бір күнде кесел 206 тұрғыннан анықталыпты. Бұрын-соңды өңірде мұншалықты көп науқас тіркелген емес. Бұған дейін індетке егде жастағылар көп шалдықса, қазір дерт жастар арасында дендей түскен.
Мұхтар Сербаев, Ақтөбе облысы санитария-эпидемиология бақылау департаментінің басшысы:
- Соңғы күндері мына коронавирус инфекциясының жаңа штаммы пайда болуына байланысты «британдық» деп айтады. Инфекцияның одан әрі өсуі байқалып отыр. Оның ішінде балалар арасында инфекция тіркелуде. Тәулік ішінде оқушылар арасында жаңа 22 жағдай тіркеліп отыр. Мұғалімдер арасында – 4 жағдай.
«Сары» деңгейдегі өңірлерде де ахуал мәз емес. Мәселен, Маңғыстау облысында сырқаттану деңгейі өскен соң, қосымша шектеу шаралары қолға алынуда. Бүгіннен бастап мұндағы мектеп бітіруші түлектерден басқа оқушылар қашықтан оқуға қайта көшкен. Себебі, індетпен ауырып жатқан балалар көбейген.
Нұрбол Оқуов, Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы:
- Оқушылар арасында сәл көбейгендігі байқалды. Осы жағдай одан сайын шығып кетпес үшін ертең балалар ауруханасы толып кетпес үшін әрі онымен күрес қиындап кетуі мүмкін деп осындай шешім қабылданып отыр. Енді ол штабтың шешімі.
Елде коронавирус картасына тоқталсақ: қазір қауіптің «қызыл» деңгейінде Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Қарағанды облыстары қалған. «Сары» аймақта 8 облыс бар. Олар: Алматы, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Маңғыстау облыстары. Ал, эпидахуалы тұрақты «жасыл» деңгейде бар-жоғы екі өңір: Түркістан мен Қостанай облыстары. Соңғы тәулікте Covid-19 диагнозы 2719 адамға қойылған. Осыған дейін кесел жұқтырғандардың жалпы саны 290 мыңға жуықтап қалды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!