{metadescription}
Көптоғайдағы шу: Шекараға қойылған қоршауды алып тастады
Көптоғайдағы шу: Шекараға қойылған қоршауды алып тастады

Көптоғайдағы шу: Шекараға қойылған қоршауды алып тастады

Қазақстан-Ресей шекарасына қойылған қоршаулар қайта алынып тасталды. Атырау облысы Көптоғай ауылындағы жер дауынан кейін әскерилер темір сымдарды жинап алып кеткен.

Алайда Қиғаш өзенін жағалаған жұрт бұл уақытша көзбояушылық екенін айтады. Шу басылған соң шекараны шегендеу қайта жалғасатынына сенімді. Ал жергілікті билік шекара бөлуге біздің қатысымыз жоқ деп басын ала қашуда.

- «Билігі жоқ елдің, иті бұралқы келеді» деген сияқты, ойларыңызға келгенін жасап жатырсыздар! Артық айтсам кешірім сұраймын.

Көптоғайлықтар көптен бері жер мәселесін ұлардай шулап айтып келеді. Тіпті осыған дейін егіншілікпен айналысып бейнеттеніп жүрген біраз шарауаның жері де Ресейге өтіп кеткен екен. Алайда оларға құлақ асатын ешкім болмапты. Тек тапатал түсте әкерилер шекарадағы қоршауды үйлердің іргесіне әкеп орнатқанда ауыл азан-қазан болды.

Ғабит Қабылов, Көптоғай ауылының тұрғыны:

- Мына үй, міне тұр, шекара міне тұр. Осы жерден біз су алып жүрген жеріміз. Ойнап жүрген жеріміз. Бала-шаға бәріміз ойнағанбыз. Енді осы жерге запрет қояды. Жақындаса ұстап алып айыппұл салады.

Дәл қазір ауылдағылар Қиғаштан барып су ішкен малын да қайтара алмауда. Тұрғындар қоршауды соңына дейін орнатып шекараны шегендеп тастаса, ішетін екі шелек суға да зар боламыз ба деп қорқып отыр.

Руслан Ұзағалиев, Көптоғай ауылының тұрғыны:

- Халықтың сұрап тұрғаны: өзекті қалдыру. Мына жердегі өзекті қалдыр деп тұрмыз. Малымыз ішеді, адам ішеді. Басқа ештеңе сұрап тұрған жоқпыз. Енді бәрібір беріп жатыр. Қазақстан бойынша қаншама жер кетіп жатыр. Қазір ауылда әкіміміз де жоқ. Уақытша әкім ауысып кетіп жатыр.

Басшысыз қалған ауыл тұрғындары енді базынасын кімге айтарын білмейді. Ал облыс әкімдігі бұл шекарашылардың шарауасы деп басын ала қашты. Ел тыныштығын күзеткендер шекараны белгілеу – 2005 жылы жасалған екі ел арасындағы келісімге сәйкес атқарылуда дейді.

Ардақ Әмірғалиев, ҚР ҰҚК ШҚ бөлім бастығы:

- Көптоғай елдімекенінің аумағында 1500 метрге жуық және тереңдігі 70 метрге жуығы Ресей Федерациясы аумағына  еніп кеткендігі анықталған. Жұмыс топтарының жұмысы кезінде екі мемлекеттік қол жеткізген келісімшартының нәтижесінде аталған жұмыстарды қалпына келтіру қазір ҚР ҰҚК Шекара қызметімен қолға алынған.

Қазір Көптоғайдағы дау елдің ашуына тиген соң, амалдың жоқтығынан шекараны қоршау уақытша тоқтатылды. Ал Қиғаш өзенінің негізгі арнасы бұрынғыдай Қазақстан аумағында қалу-қалмау мәселесі әзірге шешілген жоқ. Десе де шекарашылар инженерлік қоршау сызығын тұрғындардың ыңғайына қарай өзгертуге  болады дейді. Ол үшін жергілікті әкімдік тұрғындармен бірлесіп, мемлекетаралық комиссияға арыз жазуы керек. Бірақ әзірге әкімсіз қалған Көптоғай ауылында бұл шаруаны кімнің қолға алатыны белгісіз.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде