Елордада керемет әлеуметтік идеялар мен жобалар жәрмеңкесі өтеді
Елордада осы аптада әлеуметтік идеялар мен жобалар жәрмеңкесі өтеді. Еліміздің бүкіл өңірі, оның ішінде шағын моноқалалар мен ауыл тұрғындары да ойлап тапқан жобаларын таныстыра алады. Нұрсұлтан Назарбаев қоры ұйымдастыратын шара сонау 2008 жылы басталған.
Автор: Ербол Тұрымбет
20.04.2021
Содан бері өз жобаларын ел дамуына үлес қосу жолында жүзеге асырғысы келген коммерциялық емес 300-ден астам ұйымға демеу көрсетіліпті.
Биылғы жәрмеңке ауқымды Әлеуметтік жобалар форумы аясында өткелі отыр. Мақсаты да орасан. Форум Қазақстандағы ұлттық диалогты дамытып, тұрақты даму жолында тәжірибе алмасуды көздейді.
Алматылық Мәдина Ашылова – көпбалалы ана. Бесінші баласымен үйде отырғанда еліміздің тарихи және туристік орындары туралы ерекше ой кернепті. Оның үстіне көпбалалы аналардың үй шаруасынан қолы босамайды деген тайыз түсінік бар. Сөйтіп Отырар мен Сауранның көмескі суретінен гөрі, неге толық танымдық сюжет жасамасқа деген ой Мәдинаны ақыры осы байқауға жетелеген.
Мәдина Ашылова, Almaty Nomad саяхатшылар клубы» ҚБ директоры:
- Көпбалалы аналардың қолы оданда ұзын екенін, қоғам дамуына айтарлықтай үлкес қоса алатынын дәлелдегім келді. Өтінішті толтырғаннан кейін Нұрсұлтан Назарбаев қоры бірінші болып менің өтінішіме құлақ асып, қолдап, қаржыландырды. Соның арқасында еліміздің тамаша туристік орындары туралы көлемді сюжеттер дайындадық. Одан соң бізді ақпарат министрлігі де қолдап, жобамыздың ауқымы ұлғая бастады.
Елімізде бүгінге 150-ге жуық баланың даму ерекшелігі бар. Ал әлемде әрбір 68-ші бала аутизмге шалдыққан. Сөйлеу тілінің жетілуі де кешеуілдеп жүреді. Ол үшін арнаулы жаттығулар керек. Алматылық Гүлмира Пармышева сондай жаттығулардың ерекше жиынтығын жасап шығарған. Мынадай түтікшілер арқылы түрлі үлгідегі қиындыларды қораптардың ішіне салады. Бұл баланың тыныс алу жолдарына таптырмас жаттығу. Әуелде үйде ас бөлмесінде өз баласына үйреткен жаттығуларын жобаға айналдырып, байқауға қатысқан Гүлмира бүгінде үлкен кәсіпкер.
Гүлмира Пармышева, Kishkentai жобасының жетекшісі:
- Бізге алғашқы байқау, алғашқы жеңіс, алғашқы қолдау. Осы байқауға дейін үй жағдайында жасалған жоба болса, осы байқаудың арқасында алғашқы керек өнімдер жасауға құрылғылар алдық. Құрал-саймандарымызды тапсырыспен алып, алғашқы материалдар жасап, 100 тестілеу топтамасын жасауға үлкен мүмкіндік берді.
Елордалық Құралай Түсіпбекованың да Нұрсұлтан Назарбаев қорына айтар алғысы шексіз. Өйткені бес жыл бұрын жәрмеңкеге қатысып қолдауға ие болған. Сол қолдаудың арқасында есту қабілеті нашар балалардың ұлттық дельфий ойындарына қатысуы артып, өз қабілетін шыңдауына мүмкіндік туған.
Құралай Түсіпбекова, Ұлттық дельфий комитетінің директоры:
- Біз әдістемесін жасап шығарып, осы әлеуметтік идеялар мен жобалар жәрмеңкесі аясында Нұрсұлтан Назарбаев қорына шықтық. Бұл 2016 жыл болатын. Содан біздің екі инклюзивті әдісіміз қордың қызығушылығын тудырып, жеңімпаз болып, қордың грантын жеңіп алдық. Бұл біздің дельфий ойындарымыздың әрі қарай жандануына үлкен септігін тигізді.
Мемлекеттің азаматтық қоғаммен бір үндестікте жұмыс істеуі біртұтас жүйенің негізі. Тәуелсіз Қазақстанда мұндай үлгі бұрыннан қалыптасқан. Мемлекет пен үкіметтік емес сектор қарым-қатынасының жаңа белеске шыққаны, өзара серіктес жағдайына өткені жайлы Елбасы сонау 2003 жылы айтқан еді. Нұрсұлтан Назарбаев қоры сол үндестікті бүгінде осындай нәтижелі істерімен жалғастырып келеді. Алдағы бейсенбі күні қор үздік әлеуметтік жобасымен көзге түскендерді тағы да марапаттағалы отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!