Вакцина алғандарға – eGov mobile паспорты
Коронавирусқа қарсы вакцина алған азаматтар электронды паспортты eGov mobile (ЕГОВ МОБАЙЛ) қосымшасынан жүктей алады. Бұл құжатта адамның қандай екпені және қай компонентті қабылдағаны, салғызған күніне дейін толық жазылады.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
20.04.2021
Денсаулық сақтау министрлігі екпе салдырмаған отандастырымыз болашақта шетелге шыға алмай қиналуы мүмкін екенін жасырмайды. Тіпті вакцинацияның электронды паспорты ПТР-тесттің орнын алмастыруы да мүмкін. Бірақ бұл мәселе әзірге тек жоспар жүзінде ғана.
Вакциналаудың электронды паспорты наурыз айында пилоттық жоба ретінде іске қосылған. Сол уақыттан бері коронавирусқа қарсы екпе салдырған адамдардың тізімі ортақ базаға енгізіліп жатыр. Вакцинаның екі компонентін толық алған адам электронды құжатқа eGov mobile қосымшасы арқылы қол жеткізе алады. Қосымшаның «цифрлық құжаттар» бөліміне кіріп, құжатты жүктей аласыз. Осы қосымша арқылы вакцина ектіруге алдын ала кезекке жазылуға болады.
Вакциналау паспортында азаматтың ¾ суреті, аты-жөні, тіркелген медициналық мекемесі, қандай екпе алғаны және оның мөлшері, күні және деректерді енгізген дәрігердің аты-жөні, қысқасы барлық мәлімет егжей-тегжейлі жазылып сақталып тұрады. Электронды паспортты QR-код арқылы да қолдануға мүмкіндік бар.
Мамандар алдағы уақытта жаңа жүйенің жұмысын одан әрі жетілдіруді жоспарлап отыр. Жауапты министрлік өкілдері вакциналаудың электронды паспорты болашақта ПТР-тесттің орнын алмастыруы мүмкін екенін айтады. Вирусқа қарсы екпе салдырмаған отандастарымыз шетелге шыға алмай тығырыққа тірелетіні сөзсіз. Алайда бұл мәселе әзірге тек қарасытырылып жатыр.
Бауыржан Мелдебай, ДСМ Ақпарат-технология басқармасының басшысы:
- Мобильді қосымшаның көмегімен халықаралық басқа ақпараттық жүйемен интеграцияласақ еліміздің азаматтары шетелге кедергісіз шығуға болашақта көмегін тигізеді. «Вакциналау модулі» деген жерге дәрігер вакцина салған адамдардың тізімін белгілеп, ол туралы мәліметті енгізіп отырады. Егов-қа сол модульдің интеграциясы арқылы ақпарат шығады.
Шенеуніктер вакцина салдыру ерікті түрде жүргізілетінін қайталады. Сондықтан электронды паспорты жоқ адамдар жазаланбайды, айыппұл да арқаламайды. Оларға ешқандай шектеу де қойылмайды.
Елімізде ресейлік «Спутник V» перапаратының екі бірдей компонентін осы күнге дейін тек жүз мыңнан астам отандасымыз салдырып үлгерген.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!