Мамырда күніне 4 мың адам вирус жұқтыруы мүмкін
Коронавируспен ауыратындардың ең жоғарғы шегі келесі айдың ортасында тіркеледі. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой осындай болжам айтып отыр. Мамырда вирус жұқтырғандар саны күніне 4 мың адамға дейін баруы мүмкін.
Автор: Ербол Тұрымбет
20.04.2021
Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Оптимистік көзқарасқа салсақ, вакцинация мерзімінен кешікпей жүрсе, ковид-19 жұқтырушылар санының ең жоғарғы шегі күніне 3 мың адам сәуірдің аяғына келеді деп отырмыз. Бірақ жағдай бұдан да ушығуы мүмкін. Вакциналау кестеге сай жүргізілді дегеннің өзінде, мамыр айының ортасына қарай күніне 4 мың адамға дейін коронавирусқа шалдығуы мүмкін.
Министрдің айтуынша, қазір күн сайын 70 мыңнан аса адамға вакцина салынып жатыр. Осы қарқыннан таймаса, айдың аяғына дейін 2 миллион адамға екпе салуға жағдай жасалады. «Дегенмен елорда мен Маңғыстау және Қарағанды облыстары жоспардан кешігіп келе жатыр», - дейді Цой. Оның үстіне вакцинаның әсері әзір сезіле қоймайды. Ағзада антидене қалыптасып ұжымдық иммунитетке ұласу үшін уақыт керек.
Дегенмен соңғы аптада елдегі жалпы жағдайдың беті бері қараған. Наурыз айынан бері елдегі науқастар саны апта сайын 46 пайызға дейін өссе, өткен аптадан бері ол 6 пайызға дейін төмендеген.
Апта сайын ковидтен көз жұмып жатқандар өсімі де 22 пайыздан 8 пайызға түсіпті. Денсаулық сақтау министрлігі 2023 жылға қарай ауылдардағы дәрігер тапшылығын жоюды көздеп отыр. Ол үшін медицина мамандарына берілетін бір реттік жәмдемақы көлемі 300 мыңнан 3 миллион теңгеге дейін арттырылады. Министр Цойдың айтуынша, қазір ауылдарға 3 мыңнан астам дәрігер жетіспейді.
Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Медицина кадрларын ауылға баруға ынталандыру үшін бір реттік жәрдемақы 100-ден мың айлық есептік көрсеткішке дейін артады. Айлық есептік көрсеткіш жыл сайын ұлғайып келеді. Оларға баспана беріледі. Әрі 2023 жылы олардың жалақысы экономикадағы орташа жалақыдан 2,5 есеге дейін өсіріледі.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!